Өлең

Өлең сөздің тәңірі ойдың шыңы,
Мыңнан біреу ұқсатар талдап мұны.
Жүрегіңді сыздатар ән мұздатар,
Өлең қымбат өлшеусіз оның құны.
 
Жалғыз ауыз жазсам деп қымбат өлең,
Ой санамды қамшылап шыңдап келем.
Алаулатар ұшқын сөз оралмай жүр,
Поэзия тұнығың неткен терең.
 
Құйқылжыған көрікті ой көк дөнені,
Тамсандырып тербейді күнде мені.
Жеткізе алмай сөзбенен дәл қалпында,
Көктем өтті, жаз болды күз де келді.
 
Айта берсін өлеңі арзан қымбат,
Жүргенім жоқ сатқалы мақтап пұлдап.
Әр ұғымның өлшемі жүрек, ниет,
Ұқса болды бір пенде шын мақұлдап.
 
Өлең сөзге ғашықпын солай өтем,
Орны бөлек от жалын ала бөтен.
Есік ашқан өмірге ақ құсымның,
Сұңқар даусын саңқ еткен естіп кетем.
Ғабдолла қажы Ахметжанов.
Рудный қаласы.
 
Сен кеткен кезде…
 
Арманым сынды екенсің…
Мақпал түн, жұлдыз, ай бәрі,
Болмайтын шығар бірі тең.
Жаның да сенің жайдары,
Не деген көркем жігіт ең!
 
Жаутаңдап жүрген жас жанар,
Табар ед сенен бар емін.
Бөтен ойларға тас қамал,
Тартымды неткен жан едің!
 
Шуақты күннен бетерсің,
Үндемей тындым мен іштен.
Арманым сынды екенсің,
Түр-тұлғаң түгел келіскен.
 
Сызылта әуен қосып ең,
Көңілдің тауып пернесін.
Бір медет менен тосып ең,
Қайтейін… Сен де пендесің.
Бақыт тұрса да басымда,
Дүбіріне ердім дүрмектің.
Жүрсең де күнде қасымда,
Осының бірін көрмеппін.
 
Шарықтап жүрген көңілдің,
Жалауын жерге түсірдім.
Қара мен ағын өмірдің,
Сен кеткен кезде түсіндім…
 
 
Ата аманаты
Көтеремге қайсар жаның кекті ме ед?!
Екі ойыңның бола берді-ау, бірі мұң.
Ақынсымақ ардан безіп кетті деп,
Лағыл жырға лағнет айтпа, құлыным!
 
 Ғазиз жанда ғазал жырдың асылы,
Құдыретті Қасым үнмен қайымдас.
Алақұйын айқайшының асыры,
Ақ өлеңге бола алмайды айырбас!
 
Сал-серінің астарлы ғой сыры әлі..
…Күн астында гүлсіз қалды көп қырат..
Пір тұтқаның асқарынан құлады,
Өлең шіркін, өліп кеткен жоқ бірақ!
 
Құм астында күңіренді құба бел,
Алақанда ақық өлең, ақырғы үн!
Алты алашқа әкелер деп мұрагер,
Қалқам, саған аманаттап жатырмын!
 
* * *   * * *
 
Мұқағали, Мағжан көшін табарсың,
Жүдә, жақсы Жұмекенге жолықсаң.
Еншіңді алып ескі жұртта қаларсың,
Қара өлеңнің киесінен қорықсаң!
 
Күн секілді көктен ғана көрініп,
Ақ дидарлы айда болғың келеді!
Өр көңілдің өзегінде өріліп,
Өлең болып туылғансың себебі!
 
Жанашырың жарым ес боп жолықты,
Жұмыр басқа бақ секілді сор да сын…
Саналығa сабыр жолдас болыпты,
Ал, соқпағың сапарыңды оңдасын.
Бара ғой…
 
Салтанат Смағұлова.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓