Сәбилерге сыйлық

Облыс әкімінің арнайы құттықтауы мен сыйлықтары және
100 000 теңге қаржысы көпбалалы Қосбергеновтер отбасына берілді
2014 жылдың 31 желтоқсаны күні көпбалалы Жарас және Мейрамгүл Қосбергеновтердің отбасына облыс әкімі Н.М.Садуақасовтың Жаңа жылдық құттықтауы және мектеп жасындағы 7 баласына жолдаған арнайы сыйлығы мен 100 000 теңге қаржысы тапсырылды. Оны аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.М.Тобағабылов және Аманкелді селолық округінің әкімі М.С.Дихамбаевтар тапсырды. Рәсімге БАҚ өкілдері және аудандық кәсіпкерлік палата басшысы А.Жамансарин қатысты.
КОСБЕРГЕОВТЕР– Жаңа жыл мерекесі қарсаңында  облыс  әкімі  Нұралы  Мұстафа-ұлы облысымыз бойынша 20 көп балалы отбасыларға осындай сыйлығын жіберді. Біздің ауданымыз бойынша бұл сыйлыққа бір отбасы ие болып отыр. Ол – Жарас-Мейрамгүл Қосбергеновтердің отбасы. Жарас  1968 жылы, Мейрамгүл 1972 жылы туған. Үлгілі отбасы иелері. Тұңғыштары Рахила 1992 жылы өмірге келген. Одан кейінгі перзенттері Айгүл 1996, Әліби 2001, Саламат  2002, Саят 2004, Есберген 2007, Досберген 2009 және Нұрсұлтан 2013 жылы туған. Мейрамгүл қазір баламен үйде отыр. Жарас болса аудандық орталық ауруханада жұмыскер, – дейді Мұрат Мәжитұлы.
Шынында да, сыйлық тапсыру рәсімі қайран қаларлықтай болып өтті. Үпір-шүпір бүлдіршіндер әрқайсысы өзіне берілген сыйлықты алып мәз. Оларға қарап тұрып қарадай көңілің толады.
Балалардың үлкені Рахила анасы Мейрамгүл сияқты ерте тұрмыс құрыпты. Ал Айгүл – студент. Әліби, Саламат, Саят, Есберген, Досберген – мектепте оқиды.
Өздеріне облыс әкімі арнайы сыйлық жібергенін естіп-білген соң, Жарас пен Мейрамгүл қуаныштарын жасыра алмады.
– Біз бұл сыйлықты күткен жоқпыз. Облыс басшысының бізді көпбалалы отбасы ретінде елеп-ескергені үшін рахметімізді айтамыз! Біз сәбиді шектеген емеспіз. Әр баланың өз несібесі бар деген елдің перзенттеріміз ғой. Алла берсе, алдағы уақытта да дүниеге сәби әкелуді қалаймын. Әлібиім мен Саламатымның арасы 1-ақ жас. Біреуі 2001 жылы, біреуі 2002 жылы туды. Қазір 8 сыныпта, біреуі 7 сыныпта оқиды. Егіз балалар сияқты. Біздің басты байлығымыз – балаларымыз! Үйіміздің іші күнде думан, күнде қызық-мереке.  Алланың  бұл бергеніне шексіз шүкірлік етеміз! – дейді Мейрамгүл.
Бұл отбасы – тәубәшіл, қанағатшыл отбасы екен.
– Әзірге кенжеміз болып отырған Нұрсұлтанның атын өзім қойдым. Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының мүшел жасы 73-те туғандықтан, соны ырым еттім. Балам Нұрсұлтан атасындай басына бақ қонып, абыройы асып жатса, несі бар?! Жақсы сөз сөйлеп, жақсы тілек тілеу – жақсылыққа бастамай ма?! – дейді Жарас Таймасұлы.
Күнделікті өмірде біз көп нәрсеге мән бере бермейміз. Жақсы адамдардың талайы жанымызда жүр. Осындай ынтымағы ұйыған жас отбасылар аз емес қой. Қосбергеновтер солардың бірі болар. Облыс әкімінен алған сыйлықтары ес білген балалардың жүрегінде өмірлік жатталып қалары анық.
– Біз бұл сыйлықты ұмытпаймыз! –  дейді 7 сыныпта оқып жүрген Саламат Жарасұлы.
Оның бұл сөзіне рәсімге қатысқан барлығымыз риза болдық. Баланы қуанту кім-кімге де болсын, бір мерей емес пе?!
 
Хамитбек Мұсабаев
Аманкелді ауданы
Суретте: Жарас-Мейрамгүл Қосбергеновтер балаларымен бірге облыс әкімі сыйлығын қабылдап тұрған сәт.
Суретті түсірген автор.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓