“Алтын микрофон-2022”: жеңімпаз анықталды

XIX халықаралық «Алтын микрофон-2022» байқауы өз мәресіне жетті. Дарынды жас әншілерге жол ашып, қолдау көрсетіп келе жатқан дәстүрлі фестивальдің жеңімпазын анықтау екі күнге созылды. Байқаудың ұйымдастырушылары – Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы, облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы. Фестивальге Қазақстанның барлық облысынан және Қырғызстан, Армения, Болгария сынды алыс-жақын шетелдерден үміткерлер қатысып, бақтарын сынады. Бүгін жастар сарайында байқаудың қорытындысы шығарылып, Гала-концертпен түйінделді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қатысты.
–Халықаралық  «Алтын микрофон» байқауы Қостанайдың танымал жобаларының бірі. Бүгінгі байқауға еліміздің түкпір-түіпірінен және алыс-жақын шетелдерден 50-ге жуық қатысушы келді. Олардың әрқайсысы өздерінің жас ерекшеліктеріне байланысты номинацияларға қатысып, бақтарын сынады. Жеті мемлекеттің сегіз қазылар алқасы байқаудың бағасын берді. Бұл байқау жергілікті дарынды балалардың халықаралық деңгейге шығуына жол ашатын үлкен алаң. Жыл сайын жаңа есімдер анықталып, олар түрлі деңгейдегі асуларды бағындырып жүргеніне куә болып жатамыз. Өнер додасында қаншама есімдерді шығардық. Мәселен, Ернар Садырбаев, Балуан Беркенов т.б. көптеген танымал қостанайлық жастарымыз осы байқаудың алаңынан өсіп шыққан. Кешегі «Х-Фактор» жобасының жеңімпаздары Бекболат пен Айдар Жазықпаевтар да осы байқаудың лауреаттары. Болашақта бұл байқаудың әлі де талай жұлдыздарды жағатынына сенімдімін. Бүгінгі байқаудағы қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген үлкен байқауларды өткізген Жеңіс Сейдоллаұлы. Тәжірибесі мол өнер иесіне байқаудың төрағалығын тапсырдық. Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында Болгария, Армения, Беларусь, Украина, Қырғызстан мен Қазақстанның өкілдері бар. Әрқайсысы өзінің елінен қатысушы балаларды әкеліп отыр, – деді Ерлан Қалмақов.   
Қазылар алқасының шешімімен «Кіші санатта» (7-10 жас) үшінші және екінші орындарды біздің жерлестеріміз – Ильназ Сатымова (Жітіқара ауданы) және Сағындық Түгел (Қостанай) иеленді. Бірінші орынды Алматы облысы, Бурундай кентінен келген Тамерлан Абдолда алды. Орта санатта (11-13 жас) үшінші орынды  Жітіқара қаласынан келген вокалист Ясмин Аюпова алды. Екінші орын  Оралдан келген Базарбай Мөлдірге бұйырды. Орта жас санатында бірінші дәрежелі лауреаты Нұр-Сұлтан қаласынан келген Адель Кунадилова атанды.
«Ересектер санаты» 14 жастан 17 жасқа дейінгі вокалистер. Үшінші орын Ерасыл Мұқанов (Нұр-сұлтан) , екінші Айдай Балбаева (Бішкек, Қырғызстан). Бірінші – Алина Сағынбаева (Нұр-сұлтан).
«Шеберлер санатында» Нұр-Сұлтан қаласынан Бағдәулет Ермахан үшінші орынды алды. Екінші орын ел астанасынан келген Дильназ Сапарғалиева лайық деп танылса, шеберлер санатында Ереваннан (Армения) келген қонағымыз, жоғары балл жинап, Татевик Арцрунян лауреат атанды.
«Алтын микрофон-2022» халықаралық байқауының Гран При иегері Болгариядан келген әнші Славея Ивановаға бұйырды. Байқаудың ең басты марапатын облыс әкімінің орынбасары Бақыт Есімова табыс етті.
Жеңімпаздар 100-ден 300 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтарға ие болды. Бас жүлдеге 500 мың теңгенің сертификаты берілді.
Әсел ҚИБАШ
Суреттерді түсірген Б. АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓