Сатушыға қатысты қылмыстық іс
Облыстық соттың баспасөз қызметі мәлімдегендей, Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 1989 жылы туған Е.-ге қатысты қылмыстық іс түсті.
Іс материалдары бойынша, Қостанайдың көк базарында зат сататын төрт әйел 2014 жылдың 8 қазанында таңертеңгі сағат 10.00 шамасында базар ішіндегі “Салтанат” дәмханасында спирттік ішімдік ішіп, 12-лер шамасында өз жұмыс орындарына оралады.
Арада жарты сағатқа жуық уақыт өткен соң азаматша Е. сатушы В.-ға қайтадан ішімдік ішуді ұсынады. Екеуі “Караван” шатханасына жайғасып, әрі қарай арақ ішуді жалғастырады. Ішімдікке масаңсыған екеуі біраздан соң сөзге келіп, кімнің күші басым деген негізде жанжалдаса бастайды. Кімнің мықты екенін төбелес арқылы анықтауды жөн санаған олар базар сатушылары алдында осылай беделдерін көтергісі келеді. Сағат 17.30 шамасында жұмыс орындарына оралған сатушылар арасындағы кикілжің төбелеске ұласады. Нәтижесінде екеуі бір-бірін аяусыз сабап, қол аяқтарымен соққы жасайды.
Өзінің жеңілісін қор көрген Е. қолына пышақ алып, қарсыласы В.-ға суық қарумен бірнеше рет жарақат салады. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жәбірленуші аман қалған.
Қарлығаш Оспанова