Қалауын тапса, қар жанады
Қазіргі кезде елімізде "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы жүзеге асырылу үстінде. Осы бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табыс деңгейін арттыру. Бүгінде бағдарлама арқылы пайдалы кәсіп көзін тауып, оны әрі дамытамын деушілердің қатары көбеюде. Солардың бірі – ұзынкөлдік А.Әбілтаева.
– Бәрі де кездейсоқ басталды. Балалар өскен соң не істесем екен, "отбасы, ошақ қасында" қалғым келмей, күйеуіме серік болсам, бір істің көзін тапсам, ол істі қалай жүзеге асырсам екен деген ой көптен бері көкейімде жүр еді. Жұмыссыздарға жұмыс беріп, оны оқытып, өз шаруасын ашуға мүмкіндік беретін бағдарлама бар екенін ел-жұрттан естіп қуандым. Күйеуімнің өз ісі бар, тасымалдаумен айналысады. КамАЗ-ымен жолда жүреді. Мен болсам, балаларыммен үйде күтіп отырғаным. Ойлана келе балаларыммен ақылдасып, шағын несие алып, мал бордақылайық деген шешімге келдік. Күйеуім кезекті жолсапарынан келген соң, ойымды айттым. Ол да мақұлдады. Содан кейін тиісті құжаттарды даярлап, өткіздім. Құжаттарымыз өтті білем, екі-үш айдан соң несиеге бір миллион теңге алдық. Алған несиеге қой, бұзау алдық. Бұл 2013 жыл болатын-ды. Бірінші қысымызды қыстап шықтық, қазір екінші қысымыз, бәрі де ойдағыдай, ісіміз ақырындап алға қарай ілгерлеуде. Екі қара бас мал саттық. Заемды 6 пайызпен төрт жылға алдық. Енді шағын болса да өз ісіміз, шаруамыз бар. Келешекте бәрі де орнына келеді деп ойлаймыз, алған несиемімізді де өтерміз, сосын, сосын қор жинап, мал басын да көбейтуге мүмкіндігіміз болмақ, "көз қорқақ, қол батыр" деген осы да,– деді өз әңгімесінде Ж.Әбілтаева.
Гүлназым
САҒИТОВА
Ұзынкөл ауданы.