Бір мектепті бөліскен . . . Қазақ мектебінің жартысын жоғары оқу ордасы жайлап отыр

Лисаков қаласында  өзге ұлт өкілдерінің басым екені ежелден белгілі. Кеңес Одағы  кезінде  мұндағы қандастарымыз қалалықтардың  4-5 пайызын ғана құрайтын еді. Кеңес үкіметі келмеске кетіп, тәуелсіздік тұғырына мінгелі мұндағы қазақтардың қатары 28 пайызға дейін қалыңдады.
Қаракөздеріміз көбейген сайын  ұлттық дәстүріміз бен сана-сезіміміздің нығая түскені анық. Әсіресе,  мемлекеттік   тілге деген құрмет ерекше. Өзге тілді білім ошақтарын сығалап кеткен ата-аналар болашаққа тіктеп қарап, балаларын мемлекеттік тілдегі мектептерге бере бастағаны көңіл қуантады.
Қуанышты көңілдің жетегінде, қаладағы қазақ тілді білім ошағының жай-күйімен танысу мақсатында,   әкімдіктегі  ішкі  саясат  бөлімінің   бастығы  Әлия  Мадиярқызымен   бірге  білім ордасына аттанған едік.
Мектеп  директоры  Салтанат Шалдыбаева жылы шыраймен қарсы алды. Салтанат  Қазымбекқызының сұхбатты   білім беру сапасы жоғары  екенінен бастауы  көңілге жылы  сезім ұялатты. Оның айтуынша, олар қаладағы мектептердің  арасында бірінші  орында, облыстағы  мектептер  арасында  екінші  орында  тұр. Білім  сапасына келсек, орташа көрсеткіш –  86,6,  білім  сапасы   63, 6  пайызды  құрайды.
Білім ошағының іргетасы қаланғанына қырық жылдан асыпты. Уақытылы  жөнделіп  тұрғандықтан ғимараттың іші, сырты  көз тартарлықтай әсем көрінеді. Осыдан бес жыл  бұрын мектептің төбесі  күрделі жөнделген. Электр желісі, су құбырлары мен  жылу  жүйелері,  бөлмелердің  есіктері мен  терезелері айырбасталған. Осы мақсатта  66769  миллион  теңге   жұмсалған  көрінеді. Асхана  мен  ас үйі, акт  залы да жөн-деуден  өткізілді. Ғимараттың  бірінші, екінші қабаттарындағы едендер төсеніші керамогранитпен алмастырылған. Бұған да 24591 миллион теңге  бөлініпті. 
Ғимарат толықтай заман талабына сай. Сырт адам үшін білім ошағында ешбір кемшін жоқ сыңайлы. Бәрі тамаша, бәрі керемет.  Әттеген-айын, кейін аңғардық. Ұстаздар қауымымен кездесу барысында, төрт қабатты  ғимараттың  жоғары  қабаттарында жоғары  оқу  орны  филиалының орналасқаны  белгілі  болды.  Жалпы    алғанда, мектеп бес жүз балаға шақталған. Бүгінде білім ошағында тәлім алып жүргендердің саны төрт жүз шамасында. Оқушылар ғимараттың бірінші және екінші қабаттарында оқиды. Қалған қабаттар Рудный индустриялық институты Лисаков филиалының еншісіне бұйырыпты.
Шаһар халқының өсіміне қарап, болашақта  білім ошағына келер балалардың көбейерін аңғару қиын емес. Сол  кезде төрт қабатты ғимараттың екі қабатын еншілеп отырғандар екі кезекпен оқиды ма? Ұстаздар қауымы осыған алаңдаулы.
Мәселе мектеп директорын ғана емес, қала басшыларын да толғандыруда.  Жергілікті билік өкілдері студенттерді басқа ғимаратқа көшіру керектігін жеткізді. Қала әкімінің  орынбасары  Марат Жұрқабаевтың айтуына қарағанда, тиісті  орындарға хат жолданған. "Мәселе облыстық білім басқармасының назарына алынған. Филиал  студенттерін көшіруге шешім қабылданған жағдайда, студенттер қаладағы  "Мирас" медицина  орталығының  бір  үйіне көшіріледі" –  дейді  Марат Кенжебекұлы.
Оқу жылының аяғына дейін студенттердің жылы орындарын суытпасын айта кеткен жөн. Филиал көшірілген жағдайда, ғимараттың 3-4 қабаттары қазақ мектебіне бұйыруы тиіс. Әзірге, оның ақ-қарасын ешбір жан тап басып айта алмауда. Соңғы сөз – білім министрлігінен. . .
Ермекбай
     ХАСЕНОВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓