«Құдай алдында сұраусыз» деп бауырына салған баланың тағдырын неге сан саққа жүгіртеміз?

Тағдырдың жазуымен біреулер перзентке зар болады. Сондайда жағдайын түсініп, туысқаны бауырына бала салады. Кейін оны иемденуден қашқақтайды. Өсекке үйір ағайын бұл шешімді әр саққа жүгіртіп, бала тұрақтаған шаңырақтың мазасын қашырады.
Жарты ғасыр газетте қызмет істегенімде талай жерді шарлап, қилы оқиғаларға кезіккен бізде аталмыш тақырыптың төңірегінде жинақталған нақты деректер жеткілікті. Бүгін кейбіреуін оқырманның қаперіне ұсынбақшымын.
Сонау Ташкент қаласынан дәм айдап келген Гүлнар Кіші жүздің жігіті Әбдімәлікке тұрмыс-қа шықты. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, ұрпағының қызығын тамашалауға бел буғанда айықпас ауруға шалдықты да, о дүниеге аттанды. Төсегін жинарда жастығының астынан блокнотының табылғаны. Онда "Анам қайтыс болғасын әкем мені руы Қырықмылтық Ілияс досына аманаттаған. Обалы нешік, ол кісі алаңсыз бақты, тіпті басқа босағада да зейнетақысымен қарасты. Сондықтан мейірімді қарттың жөні бөлек. Әйтсе де негізгі руымның Баян екенін ашып айтпасқа лажым жоқ" деп дірілдеген қолымен тізбектеген сөздерін оқығандар таңданып, жағаларын ұстаған. Жаназа намазында тегінің бұрмаланбауын сездіргенін көнекөз қариялар бірден ұқты.
Ұзаққа созылған науқастан өмірі қиылған белгілі журналист Болатбек Әлденовпен туған жері – Торғайда мәңгілікке қоштасарда "Досжанов Сейітжанның баласы еді" деп күбірлегендер де ұшырасты. Әңгіме құлағына шалынған дін қайраткері, мешіт имамы Ғазез Әмірханов жұртты тыныштық сақтауға шақырып, "Құдай алдында сұраусыз деп бауырына салған адамның атымен шығарылады" дегенде ғана әңгіме сап тыйылды.
Кешегі сыныптасым, құдам Тыныштық Қылышбековтің өсиеті бойынша бауырлары құлпытасына "Тыныштық – Мәжит, Қылышбеков – Омаров, Мерген – Қожакелді" деп жаздырыпты. Себебі, оны әкесінің нағашысы Қаулен шал тәрбиелеген екен. Яғни, марқұм ақырғы сәтте екі  жақтың   да көңілін қалдырмауды аңғартқан.
Онда Аралбай ауылында тұратынбыз. Аттас өнерпаз жігітті үйіме апарғанмын. Көрген мезетте көкем Оразбайдың "Руы Аю Ғайсаның баласы ғой. Қашан соғысқа  алынғанша қатты сыйласқанбыз" деп бастырмалата жөнелгені. Өңіне қарасам, досымның қабағы түсіңкі. Сол себептен одан ежіктеп ешнәрсе сұрамадым.
Ертеректе Жанкелдин аудандық баспаханасында жұмыс істеген Мұса Әміржановтың туған інісі Ғайсаның кішкентайынан көз жазып қалған тұяғы Жақсылықты көру мақсатында әдейі Арқалыққа іздеп келгенін, танымаған қалыппен баланың ашыла қоймағанын жасқа толы жанарымен баяндағанда аяушылық білдір-генмін.
Беріректе түсіндім: отағасы Ғайса майданнан оралмағасын зайыбы Қадиша баласымен әкесі Қозыкенің қолына барған. Ешкімнен кем қылмай өсірген сол немересі Жақсылыққа орта мектепте аттестат берілерде атасы "Айналайын, құдіреті күшті Алла қолдап, қатарыңа ілестің. Бұдан былай қарай заңды әкеңе көш" деп туу туралы куәлігін табыстаған.
Зауқайыр Қостанай теміржол бекетінде жолыққанымда Мұса қарттың баяғыда шерткен сырын жеткізгенімде бала жастан досымның: – Қозыке атам баласы Абаймен тең ұстады. Есейгенше ішінде бүгіп, бір-ақ күнде мені руыммен таныстырғанына қайранмын, – деп  ағынан  ақтарылғаны бар.
Інім Амантай көкемнің басына белгі орнатарда "Аты-жөнін қалай жазған дұрыс?" деп кеңескенде жолымның үлкендігіне сүйеніп, "Заманында беделді қызметтер атқарып, халыққа кеңінен танылған Мұқатов деген фамилиясын ұстанайық" деп ақыл қосқанмын. Амантай солай жаздырды да. Кезінде атамыз Жүніс көкемізді ағасы Мұқаттың бауырына салғанын, іні-қарындастарымның әлі күнге дейін осы фамилиямен жүргенін, ал өзімді әжем Үкісарының тәрбиелегенін және туу туралы куәлігімнің соған сәйкес толтырылғанын есіме түсіріп, қалың ойға шомдым…
Кейде көкем оңашада "Пәленбай жыл селолық Кеңестің төрағасы болғанымда бір баланы атыма жаздыруды мүлде ойламаппын" деп өкінетін. Есесіне, Торғай селосындағы Жарасбайы баласын Ермек Оразбаев ғып жазғызғанда көкеміздің алғысын жаудырғаны жадымда.
Бірақ, мен әкесінің атын өшірмеуді көздеген, іні орнына тұтқан көкеме жармасуға атам мен әжемнің аруақтарынан имендім, сондай-ақ төл үйімде ержету пешенеме бұйырмаған менің басымнан кешкен қиындығымнан бейхабар жандардың сөздерін тыңдауға енжармын.
– Таяуда сырт жерге қоныс аудармақпын, – деді танысым түсін суытып. – Көрші-көлем асырап алған балам жөнінде түрлі әңгіме таратқан. Ал, заңда балаға білдірмеу үшін мекенжайды ауыстыру немесе өсекшіні жауапкершілікке тарту қарастырылған. Соттасқанда не ұтамын, амалсыздан үйреншікті қаламнан көшкелі жатырмын.
Мұны баласын көлденең сөзден  құтқарудың  амалына  жатқызғанымыз орынды сияқты.
Ақындар айтысына қатысып, сан мәрте қазылар алқасының назарын аударған Жұмаділ Қалиевтің денсаулығы сыр бере бастаған тұста Ожан руына кітап арнағанын білетінмін. Қайсыбір жерлестерінің "Бауырына салған балаларды өз әкесіне теліпті" деп бұрқылдағанын да естігенмін. "Біткен іске сыншы көптің" кебін кимей, алдағы уақытта аз-мыз қателігін кешіріп, руластарын қара сөзден гөрі ұрпақтың жаттауына оңай өлеңмен өрнектеген бақилық азаматтың ерен еңбегін өз дәрежесінде бағалағанымыз жөн секілді.
Абзалы, "Құдай  алдында  сұраусыз"  деген бәтуамен туысқанының бауырына салған баланың тағдырын тәлкекке айналдырмай, ағайынның бірлігін сақтағанға не жетеді?!
Жақсылық Жүнісұлы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓