Елбасы фильмі көрсетілуде
Ә. Боранбаев атындағы кинотеатрда Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың өмір жолын баяндайтын «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Темір тау» атты фильмдерден құралған «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртінші бөлімі «Тығырықтан жол тапқан» фильмі көрсетілді. Жаңа кинотаспаны қала әкімі Ғ. Бекмұхамедов бастаған мемлекеттік қызметкерлер мен ел ақсақалдары зор ынта қойып тамашалады.
Екі сағатқа таяу уақытты қамтитын тың туындыда Елбасы өміріндегі маңызды кезең – Орталық Азиядағы ірі металлургиялық кәсіпорын – Қарағанды металлургия комбинаты партия ұйымының басшысы ретінде қалыптасуы кезеңі суреттеледі. Оқиғалар Елбасының Днепродзержинскідегі оқудан кейінгі және «Қазақстан магниткасындағы» жұмысының басталған кезіндегі өмірін қамтиды.
Фильмнен соң көрермендер әдеттегідей тарқап кетпей кинодан алған әсерлерімен бөлісті. Қала әкімі Ғ. Бекмұхамедов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Ақан, зейнеткер О. Алмат, журналист А. Айтмағамбеттер сөз алып, фильмнің ұрпақ тәрбиесіне маңызының мол екендігін алға тартты.
Жан баураған жаңа фильм қала халқымен мен қатар көршілес Аманкелді, Жанкелдин аудандары тұрғындарының да назарына ұсынылады деп күтілуде.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы