Нұралы Садуақасов: “Күректі қамдар кез келді”

Аптаның алғашқы жұмыс күні аймақ басшысы билік және БАҚ өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген аппарат жиынын өткізді. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қыстың қамы айтылып, жаңа жылдық  мереке қорытындыланды. 
91hWciDQОблыс әкімінің айтуына қарағанда, жақын күндері қыс кәріне мінуі ықтимал. "Ресейлік ауа-райын болжаушылар жақын арада Мәскеудегі ауа температурасының 25 градусқа дейін төмендейтінін айтуда. Күннің салқыны бізге де жетері анық. Осыған орай, қыстан қысылмай шығудың амалын қарастыру қажет", – деді Нұралы Садуақасов.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Евгений Аман да өз есебін қысқы дайындықтан бастады. Билік өкілінің есебіне жүгінер болсақ, биылғы жылы қар қалың түсуі ықтимал. Осыған орай облыс көлеміндегі барлық жолдарды қардан арылту жұмыстары қолға алынбақ.  "Облыс әкімінің тапсырмасына сай, ауыл-аймақ, аудан, қалалардағы жолдардың күтіміне жұмсалар қаржы 50 пайызға дейін ұлғайтылды. Нақты тоқталар болсақ, облыстағы жолдарға 10,8 млрд., республикалық маңызы бар жолдардың күтіміне 6,2 млрд. теңге бөлінді. Қаржы өңірдегі жол күтімімен айналысатын 37 кәсіпорынға толықтай жетуі тиіс", – деді ол. Өңірдегі отын мәселесіне тоқталған билік өкілі көмір мен мазуттың жеткілікті екенін алға тартты. Сонымен қатар, жағар майдың арзандағанын тілге тиек етіп, коммуналдық қызмет құнының да бұрынғы деңгейінде сақталары айтылды.
Аймақтың  бюджетіне тоқталған Евгений Аман межелі қаржының ала қоржынға жетпей қалғанын айтты. Оның сөзіне сүйенер болсақ, былтырғы бюджет түсімі 97,2 пайызды құраған. Жұмыр жер бетін жайлаған қаржы дағдарысы мен көрші елдегі қаржылық бұғаудың біздің елге де салқыны тиюде. Осы тектес олқылықтарға байланысты, қолдағы қаржыны ұқсатудың амалдары қарастырылған. Билік өкілі осы орайда біраз бағдарламаның қазіргі жағдайға сай бейімделгенін жеткізді. Жалпы алғанда   өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы. Өндіріс, ауылшаруашылық саласы да жоғары деңгейде. Елбасымыздың тапсырмасына сай қолға алынған бағдарламалар осы салалардың одан әрі өркендеуіне оң ықпал етері анық.
Билік өкілінен кейін мінбеге көтерілген облыстық ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары Атығай Арыстанов мереке күндеріндегі өңірдің тәртіптік ахуалына тоқталды. Тәртіп сақшысының есебіне жүгінер болсақ, облысымыздағы  жаңа жылдық бас шыршаның шамы жағылған күннен бастап, полиция қызметкерлері екі есе қарқынмен жұмыс істей бастаған. Осының нәтижесінде, өңірде орын алған 170 қылмыстың 100-ін ізін суытпай ашуға мүмкіндік туыпты. Қалған заңбұзушылықтарға тоқталар болсақ, олардың барлығы  да жақын арада әшкереленбек. Жалпы алғанда, мереке күндері өңірдегі жағдай тұрақты сақталған. Тұрғындардың мерекелік көңіл-күйі мен емін-еркін жүрісіне ешбір кедергі келтірілмеген. Қызыл жағалылардың сөзін қуаттаған қала әкімі Ахмедбек Ахметжанов мерекелік іс-шараларға тоқталып, қостанайлықтардың жаңа жылды қалай қарсы алғанын айтып берді.
Сөз соңында аймақ басшысы облыстық баспасөз клубының құрылғанын еске салды. "Өңірде түрлі оқиғаларға байланысты түсініспеушіліктер орын алып жатады. Нақты ақпараттың болмауынан, түрлі қауесет тарап, ел арасында дүрбелең туып жататыны да жасырын емес. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында, баспасөз клубын құруды жөн көрдік. Бұдан былай, қажетті хабарды сол арадан алуға болады", – деп сөзін түйіндеді Нұралы Садуақасов.
Жұматай     
       Кәкімжанов
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓