Тақ тағдыры шешілетін күн
Бүгін республикамыз бойынша кезектен тыс Президент сайлауы басталды. Ел азаматтары таңертеңгі сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін өздері бекітілген сайлау учаскелеріне келіп, болашақ президентке таңдау жасап, дауыс бере алады.
Қостанай облысы да саяси науқанды бастап кетті. Айта кетейік, қазір аймағымызда 847 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Оларда 6076 комиссия мүшесі жұмыс істеуде. Яғни, әр учаскеде жеті адамнан. Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова бұған дейін хабарлағандай, сәуір айының басында барлық аудан-қалалардан алынған мәліметтер бойынша өңірдегі сайлаушылар саны – 544153 адам деген болатын.
Бүгін газетіміздің тілшілері өңіріміздегі саяси науқанның барысынан алынған ақпараттарды жариялап отырмақ.
Тағы бір айта кететін жайт, 27 сәуір дүйсенбіде, яғни, дауыс беру аяқталғаннан кейін 12 сағат ішінде сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланады. Бұл туралы 25 сәуір күні ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлейменге сілтеме жасаған Today.kz хабарлады. «Дауыстар саналып, Орталық сайлау комиссиясына құжаттар келіп түскеннен кейін біз дереу алдын ала қорытындыны жариялаймыз. Ал жеті тәулік ішінде сайлаудың нақты қорытындысы шығарылмақ» – дейді Ләззат Сүлеймен.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ