Мерейің өссін, майдангер!
«Ата» қоғамдық қорының төрағасы,
Қостанай қаласының құрметті азаматы.
Еліміз Жаңа жылға қадам басты. Бұл жыл Ел тарихындағы ерекше жыл болмақ. Елбасының "Нұрлы жол" бағдарламасының бастау алар айшықты кезеңі осы белестен басталмақ. 2015 жылы Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 20 жыл, Қазақстан халқы ассамблеясының құрылғанына 20 жыл, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толады. Осындай мерейлі мерейтойлардың ішінде Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 70 жылдығының орны тым ерекше. Елімізді бақайшағына дейін қаруланған қас дұшпаннан қорғап қалған ардагерлер саны жыл өткен сайын азайып келеді. Дүниеден өткендерін еске алып, ортамызда жүргендеріне құрмет көрсетіп, ілтипат білдіру – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Мен басқаратын, құрылғанына он жылдан астам уақыт болған, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлерінің «Ата» қорының мерейлі міндеті де осы.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД елдерінің ішінде алғаш болып, Қазақ еліндегі барлық Ұлы Отан соғысының ардагерлерін келе жатқан Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады. Мұның өзі біздің майдангер аға-апаларымыздың мерейін өсірді. Сол үшін де ардагерлер атынан Елбасына мың алғыс!
Биылғы мерекелі жылы біздің, үлкеніміз бен кішіміздің, басшымыз бен қосшымыздың да ең бір абыройлы міндетіміз – Ардагерлерге құрмет пен қамқорлық көрсетіп, мерейін асқақтатып, көңіл-күйін көтеру.