Елбасының құттықтауы мен арнайы сыйлықтарын тапсырды

еЕлбасымыз – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылдың 26 желтоқсаны күні ТМД мемлекеттері бойынша бірінші болып Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай республикамызда тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтап, өзінің арнайы сыйлықтарын жолдағаны белгілі. Оларды жер-жерлердегі облыс, аудан, қала әкімдері иегерлеріне салтанатты түрде тапсыру үстінде. Осындай айтулы оқиға – 2014 жылдың 29 желтоқсаны күні сағат 10-да біздің батыр атындағы ауданда да өтті. Өңір басшысы Ж.Қ.Таукенов Есір ауылында тұратын   89 жастағы  соғыс ардагері Хайролла Бәйділдин ақсақалға Елбасының Құттықтау хаты мен арнайы сыйлығын тапсырды.
Хайролла ақсақал Жаңа Жыл қарсаңында Елбасы тарапынан өзіне көрсетілген жоғары құрмет үшін Нұрсұлтан Әбішұлына жүрекжарды алғысын білдірді.
– Мен Елбасымыздың бұл ұлағатты ісін теледидардан көрдім. 26 желтоқсан күні республикамыздың облыстарында біз сияқты ақсақалдарға Нұрекеңнің Құттықтауы мен сыйлығы тапсырылды. ТМД мемлекеттері бойынша осы шараны бірінші болып бастаған біздің Президентіміз! Қалай риза болмайсың?! Алып ел – Ресейдің өзінің алдын орап кетті ғой! Қазір ТМД мемлекеттері Нұрекеңнің бұл бастамасына таңқалып, бастарын изеуде. Енді міне, ауданымыздың әкімі Аманкелді еліндегі қос  соғыс ардагері – бізге, құрдасым Ертай екеумізге Елбасымыздың сыйлығын тапсырып жатыр. Ғанибет емес пе?! Елбасымызға да, оның берген тапсырмасын орындап, бізді қуантып жатқан аудан әкіміне де алғысымызды айтып, батамызды береміз. Аллатағала Қазақстанды әлемдегі гүлденген 30 елдің қатарына қосуды жазсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, ынтымақ – бірлікте, татулықта болсын! – деді Хайролла атамыз.
   Аудан басшысы келесі кезекте атының басын екінші соғыс ардагері – Ертай ақсақалдың үйіне бұрды. Ерекең де ширақ екен:
–  Ой,қарақтарым, төрлетіңдер! Жаңа Жылдарың құтты болсын! Мені қуантуға келгендеріңді сезіп тұрмын. Елбасымыздың Құттықтауы мен арнайы сыйлығын алып келген боларсыңдар! – деді Ерекең.
– Иә, ардақты ата. Тура үстінен түстіңіз. Елбасының тапсырмасын орындап, Сізге Құт-тықтау хаты мен арнайы сыйлығын тапсыруға келдім! Денсаулығыңыз қалай? – деді аудан әкімі Жансұлтан Қоңыртайұлы.
Ерекең әдеттегісінше:
– Тамаша! – деді.
Ақсақалды құттықтауға аудан басшысымен бірге келген азаматтар Ерекеңнің бұл сөзіне қуана күлісіп жатыр. Себебі, Ертай ақсақал қашан кездесіп, сәлем беріп, қал-жағдайын сұрасаңыз "Тамаша" дейді. Сондықтан да жұрт Ерекеңді "Тамаша" деп атап кеткен. Ақкөңіл ақсақал нендей ахуал сұрасаң да "Тамаша" деп қарап тұрады.
Аудан әкімі Ерекеңнің қолын алып, құттықтап, Елбасының тиісті сый-сияпаттарын тапсырды.
Бір кезде ауданымызда майдангер ардагерлерден көз сүрінуші еді…
Енді міне, қос қаһарман ағаларымыз ғана қатарымызда жүр. Бұлар Отан қорғаған ұрпақтың аман жүрген өкілдері, соғыстың соңғы солдаттары. Оларға жерлестері ұзақ өмір тілейді.
Хамитбек
        МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суретте: Ұлы Отан соғысының ардагері  Ертай Мұқановқа Елбасымыздың Құттықтауы мен сыйлығы тапсырылған сәт.
Суретті түсірген автор.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓