Несиеден қалай арылуға болады?
Несиесін төлей алмай жүрген қазақстандықтарға қарыздарынан арылатын мүмкіндік пайда болды. Борышкер азаматтарға жаңадан қабылданған заң көмекке келмек. Қалың қарыздан құтылудың тәртіп-талаптары туралы облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Арман Жүрсінәлин түсіндіріп берді.
Қазақстан Республикасының «Азаматтардың төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» жаңа заңы банкке берешек болып жүрген ел тұрғындарына зор мүмкіндік ұсынып отыр. Мұндағы мақсат белгілі – халықтың мойнына мінген несие қарызын азайтып, әлеуметтік күйзелістен арылту.
Сонымен, қазақстандықтар бұл жеңілдікті наурыз айынан бастап иемдене алады. Мамандардың тәпсірлеуінше, Банкроттық туралы заңның жүзеге асу жосығы үш бөліктен тұрады.
«Олар – соттан тыс банкроттық, сот негізіндегі банкроттық және төлемге қабілеттілікті қалыпқа келтіру. Басты ескерер тұсы, осы үш бөліктің кез келгенін таңдау борышкердің еркінде болады. Яғни кредиторлардың бұған араласуға құқықтары жоқ. Ал әр өтініш берушінің қандай процедураға сәйкес келетіні заңда белгіленген критерийлер бойынша анықталады. Басқаша айтқанда, толық банкроттыққа иек арту үшін нақты талаптар бар», – деп түсіндірді Арман Жүрсінәлин.
Оның тәпсірлеуінше, соттан тыс банкроттық тек банк, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдында қарызы бар тұлғаларға ғана тиесілі. Сот негізіндегі банкроттыққа қарызы 1600 АЕК (5,2 млн теңге) деңгейінен асатын азаматтар иек арта алады.
«Ал үшінші процедура – төлемге қабілеттілікті қалпына келтіру мүмкіндігін тұрақты табысы бар адамдар иелене алады. Яғни оларға сот несие қарыздарын бес жылға бөліп өтеуді ұсынады. Төлеу қабілеттілігін түзеу жоспары қаржылық жетекшімен бірлесіп жасалып, оны сот бекітеді», – деп толықтырды спикер.
Борышкер банкроттық туралы өтінішті «Е-salygAzamat» мобильдік қосымшасы, E-gov веб-порталы және ХҚКО арқылы жолдай алады.