Отандық көлік құрастырудағы оң қадам
Жалпыұлттық телекөпір кезінде "СарыарқаАвтопром" ЖШС-нің өндіріс алаңында Қазақстан автокөлік бизнесі қауымдастығының президенті Андрей Лаврентьев мемлекет басшысына көлік құрастыру саласындағы елеулі өзгерістерді баяндап берді.
Ол өз сөзінде еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдықтағы рөлін айрықша атап өтті. "Сіздің қолдауыңыздың арқасында отандық көлік құрастыру саласы қарқынды даму үстінде. Қазақстан экономикасына тың серпін әкелген бұл жоба жылына 2 млрд. доллардың өнімін шығарады. Екінші бесжылдықта да қазақстандық көлік құрастыру саласы өз мүмкіндігін одан әрі ширата түспек".
Отандық кәсіпорындар айналасы аз ғана уақыттың ішінде дамудың даңғыл жолына түсті. Мәселен, Қостанайдағы "АгромашХолдинг" және "СарыарқаАвтоПром" зауыттарында әлемдік брентке айналған SsangYong Nomad, Hyundai, Geely, Peugeot, сондай-ақ жол талғамайтын жапондық Toyota тәрізді көліктер шығарылады. Өскеменде жылына 120 мың автокөлік құрастыратын қуатты автозауыт салынып жатыр. Алматы облысында Hyundai автобустарын шығаратын кәсіпорын ашылды. 2018 жылға қарай еліміздегі барлық автокөлік зауыттары жылына 190 мың көлік құрастыратын болады. Өндіріс орындары толық қуатына енгенде жұмыс орындары 20 мыңға көбейеді.
Елбасы Н.Назарбаев барша автокөлік құрастырушыларға алғысын білдіріп, отандық өнімдерге осылайша басымдық беру қажеттігіне тоқталды. Президент қазақстандықтарды өзімізде шығарылған көліктерге отыруға кеңес берді.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ