Биыл облыста ауыл шаруашылығы саласына 40 млрд теңге бөлінеді
Үстіміздегі жылы Қостанай өңірінің ауылшаруашылығы саласын дамытуда ауқымды міндеттер тұр. Бұл туралы облыс ауыл шаруашылығы саласының өткен жылғы жұмыс қорытындысы мен 2023 жылға арналған жоспарына арналған кеңесте облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бейсембаев айтты. Ол соңғы бес жылдың бедерінде салаға құйылған инвестиция көлемі екі есе артқанын тілге тиек етті. Өткен жылдың өзінде 21,8 млрд теңге бағаланған он екі жоба ел игілігіне асқан. Бес жүзден астам жұмыс орны ашылды. Облыс тұрғындарын азық-түлік өнімдерімен қамтасыз ету ісі де бұрнағы жылдарға қарағанда арта түскен. Дегенмен, әлі жеткіліксіз. Көп тауар еліміздің өзге өңірлерінен, Ресей Федерациясы мен Белоруссиядан тасымалданады.



-2022 жылдың қорытындысы бойынша 90,9 мың тонна ет, 420,4 мың тонна сүт және 573,6 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту үшін облыста отыз сегіз бордақылау алаңының желісі құрылды . Олар өткен жылы 31,1 мың қара мал сатып алды. Мәселен, "Терра" ЖШС былтыр 21,3 мың ірі қара мал әкелді. Облыста еліміздегі ең ірі "Биф Экспорт Групп" ЖШС ет өңдеу кешені жұмыс істейді. Кәсіпорын 202 жылы 17,5 мың ІҚМ сатып алып, 3,5 мың тонна сиыр етін өндірді. Ішкі нарықта ет өнімдерінің 97% сатылды, 3% – і Өзбекстанға экспортқа жөнелтілді. Биыл енді елу мың қара мал сатып алынбақ. Осылайша, он мың тонна ет өндірілмек, – дейді басқарма басшысы.





Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ