Баянды болашақ бағдарламасы
Ел халқы жыл сайын Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауын асыға күтеді. Өйткені, Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жағдайы нақты, әрі жан-жақты айтылады. Сондықтан да, Жолдаудың әр қазақстандық үшін берері мол. Қазақстан халқына арнаған Елбасымыз Жолдауын 2014 жылғы 11 қарашасында "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" деген атпен жариялағаны мәлім. Бүгінгі таңда Жолдауды жұртшылық қызу талқылану үстінде екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда, Қостанай жеріндегі 75 жылдық тарихы бар Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында Елбасы Жолдауы зор қолдауға ие. Оның айғағы – институттың тарих және өнер факультетінде Елбасы Жолдауын студент-жастарға түсіндіру, насихаттау аясында іс-шара өткен-ді. Елбасымыздың "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауы төңірегінде өткен осы жиынға институтымыздың ғылыми жұмыс және шетелмен байланыс жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл қатысты. Жиын барысында Еркін Аманжолұлы студент-жастарға Жолдау жайлы біраз түсінік бере келіп, "қазіргі кезде дүниежүзі сұрауы көп, жауабы аз күрделі кезеңде тұр. Қаржылық қиындықтар өз алдына, саяси және геосаяси жағдай ушығып тұрған, әрбір ел өзінің ішкі тұтастығын сақтап қалғысы келетін қазіргі кезде кім-кім де өзінің бары мен жоғын түгендейді. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы дәл сондай тарихи күрделі кезеңде жарияланып отыр", – деді өз сөзінде.
Студент жастар арасынан тарих мамандығының 3-курс студенттері Қуаныш Бектұрғанов, Қымбат Башпаева Жолдау туралы шағын баяндама оқыды. Онда Н.Назарбаевтың "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық идеясының елімізге деген әр қазақстандықтың патриотизмінен бастау алатындығы, мемлекетіміздің болашағы жастарды елге, жерге деген сүйіспеншілікпен тәрбиелеу керектігін айтып өтті. Жиынға қатысқан факультет оқытушылары мен студенттері Жолдаудан үлкен әсер алып, еліміздің дамуы жолында жасалып жатқан игі істердің жастар тарапынан зор қолдау табатынына сенім белдірді.
Г. БАЛҒАБАЕВА,
ҚМПИ тарих және өнер факультетінің
деканы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.