“Мен ТОРҒАЙДЫҢ болашағына сенемін” жанкелдиндік Мұрат Ғұбайдуллин осылай деп ой ақтарады

мурат ГубайдуллинЕртеде біздің елде Нүрсейіттің Ғұбайдолласы деген кісі өткен. Бұл кісінің табан астында тауып кететін сөзшеңдігін торғайлықтар күні бүгінге дейін жыр ғып айтады. Елуінші жылдары Ғұбаң басқаратын бөлімшенің малынан қотыр шықса керек. Мұндай дабыл аудан басшыларының да құлағына шалынады. Сол тұста Торғай ауданын басқарған Дәбен Бөкішев деген хатшы аудандық бюроның мәжілісінде бөлімше басқарушысын   қатты сынға алыпты. Мұндайда  ақсақал қарап тұрсын ба,  жұлып алғандай: "Жолдас хатшы, менің Шиліден арқалап әкелген қотырым жоқ. Болса, осы жерден жұқты дағы", – депті біріншінің бетіне тіке қарап. Сонда әлгі хатшы ләм-мим деп ауыз аша алмаған екен. Сөзге шешен, тілі "мірдің оғындай", кесек турайтын қарияның бұдан өзге айтқан есті сөздері ел ішінде әлі күнге дейін желдей еседі. Ақсақал заманында халық ақыны Нұрхан Ахметбековпен, Ахметхан Әбіқаевтармен жиі араласқан. Әзілдері жарасқан дос-жар кісілер болатын.
Міне, осындай кісіден туған Мұрат Ғұбайдуллин ағамызды да Торғай жұртшылығы жақсы біледі. Бұл кісі 1951 жылы Жанкелдин ауданының "Сталин" колхозында (қазіргі Шеген ауылы – А.К) дүниеге келген. Дәлірегін айтқанда, сол ауылда Қорғанбек дейтін жер атауы бар. Мүкеңнің кіндік қаны тамған жері осы маң.  Ғұбайдолла Нүрсейітұлы мен Ажар Ерғабылқызы  Күлдір, Болат, Марат (1964 жылы қайтыс болған), Гүлзада, Мұрат есімді бес баланы дүниеге әкелді.
– Әкем көзі ашық, оқыған кісі еді, – деп еске алады Мүкең, – Шиліде, Шұбалаңда бөлімше  басқар-ған. Біздер, бала күнімізден әкенің айтқан ақылымен, шешенің айт-қан нақылымен ержеттік. Одан жаман болғанымыз жоқ.
Мұрат Ғұбайдоллаұлы 1970 жылы Торғайдағы Н.Иванов атындағы орыс мектебін бітіріп, Целиноградтағы құрылыс-инженерлік институтына құжаттарын тапсырады. Жоғарғы оқу орынын тәмамдап, елге оралған жас маман Торғай су шаруашылығы мекемесінде екі жыл жұмыс істейді. Одан кейін қызметтерінің бәрі құрылыс саласымен тығыз байланысты. "Ақкөлде", "Тор-ғай", "Юбилейный", 1 май атындағы  кеңшарларында 1991 жыл-ға дейін прораб қызметін атқарды. Ел тәуелсіздік алған жылы ол аудан орталығындағы ПМК-1505 (Жылжымалы-механикаландырылған колонна) мекемесіне басшы болып бекітіледі. Осы кәсіпорынды  Мүкең аттай он жыл басқарыпты. Одан кейінгі жылдар белгілі-енді ғана тәй-тәй баса бастаған жас тәуелсіз мемлекет қаржылық дағдарыстың құрсауынан шыға алмады. Елдегі ірілі-ұсақты кәсіпорындардың көбі банкрот болды. М.Ғұбайдуллин басқарған мекеме де таратылды.
2001 жылы сол кездегі аудан әкімі Құрманғазы Жанділдин Мүкеңе жаңа қызмет ұсынады. Ол – аудандағы музейлер кешеніне жетекшілік ету. Өздеріңізге мәлім, музейлер қаласы атанған қарт Торғайда не көп-мұражай көп. Сол кездің өзінде әлгі музейлер кешеніне орталықтағы төрт ірі мұражай қарайтын. Бірақ, олардың да жағдайы оңып тұрған жоқ.  Тарихи-мәдени ошақтарды ұстап тұру қиынға соқты. Қыстың күні мұражайлардың іші азынап кетеді. Қайтпек керек?
Келесі  жылы Мұрат Ғұбайдоллаұлы әуелі Ы.Алтынсарин музейіне жылу тартқыздырды. Содан соң Шақшақ Жәнібек, Ә.Жанкелдин мұражайлары да жеке-жеке жылытылатын болды. Ғимараттардың ішкі жағы жөнделді. Бұл кезде елдің ахуалы оңалып, ауданның бетіне де ептеп қан жүгіре бастаған. "Тұтас бір халықтың мәдениетін танығың келсе, оның тарихына үңіл", –деген уәлі сөз бар ел арасында, Торғай жұртшылығының сан жылдар бойғы шежіресінен сыр шерткен аса құнды жәдігерлерді "сары майдай" сақтауға осы Мүкеңдер айрықша еңбек сіңірді.
Осыдан алты жылдай бұрын Арқалық қаласында ауданаралық жол пайдалану (ДЭУ) мекемесі құрылды. М.Ғұбайдуллин сол 2008 жылдан бастап күні кешелерге дейін осы кәсіпорынның аудандық бөлімшесіне басшылық етті.
– Өздеріңізге белгілі, біздің міндетіміз жол салу емес, кері-сінше көлік қатынасын реттеу мақсатында жолдарды жыл он екі ай бойы бір қалыпта ұстап тұру. Қыста жолдың қарын аршимыз, жаздың күні де жұмыссыз отырған күніміз жоқ,– дейді әңгіме ауаны  күйбеңі көп тіршілікке ауысқанда, – Құдайға шүкір, дүниедегі түрлі дүрбелеңдерге қарамастан  ел экономикасы жыл озған сайын дамып келе жатыр. Өткенде ғана Елбасы Н.Назарбаев өзінің "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауында ел ішіндегі жол қатынасын реттеу туралы маңызды шараның қолға алынатынын жария етті. Соның бір тармағы – аудан арқылы өтетін Астана-Ақтөбе тас жолын салу біздерді үлкен үміт арқалатып отырғанын жасырмаймын.
Рас, Мүкең айтпақшы, жол – тіршіліктің күре тамыры іспетті. Астананы еліміздің бар түкпі-рімен жалғайтын тасжолдар салынса, онда Қазақстанның экономикалық әлеуеті бұрынғыдан бетер арта түсері даусыз. Шал-ғайдағы аудан тұрғындары осылай деп түйеді.    
"Бұрын бізде мұндай соны өзгерістер болды ма? Жоқ. Тек, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соңғы жиырма үш жылдың бедерінде ғана жас  Қазақ елі зор мүмкіндіктерді жүзеге асырды. Соның бір жарқын көрінісін осы жолғы Елбасы Жолдауынан айқын аңғаруға болады.   Мен Торғайдың ертеңіне сенемін. Об-лыстағы ең шалғай аудан болса да, болашағы зор. Тек, елге жаны ашитын инвесторлар табылса туған жердің тасы өрге домалайтынына  мен кәміл сенемін".  Мұрат Ғұбайдоллаұлы айтқан пікірмен келіспеуге біздің де қақымыз жоқ.
Бүгінде Мүкең зейнеткерлікке шыққан. Өкініштісі сол, осыдан үш жыл бұрын жұбайы – Ақжарқын кенеттен дүние салды. Екеуі 35 жылдай бірге отасып, өнегелі  ұл-қыз тәрбиеледі. Мұрат ағамыз бүгінде  немерелерін тәрбиелеп, солардың қызығына батқан абзал да ардақты ата.
Айбек
      КӘДІРҰЛЫ
Суретте: Торғай кентінің тұрғыны  Мұрат Ғұбайдуллин.
Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓