Жағдайды шаруалар арқылы реттеуге болады

Тұрақтандыру қоры пандемия кезінде тиімділігін көрсеткені анық. Әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың тізімі айқындалды. Әкімдіктер мен супермаркеттің арасында келісімдер жасалды. Алыпсатарлар тауардың бағасын өсірмеді, тиісінше шығынын әкімдік жауып беріп отырды. Бұл жұмыс белгілі бір дәрежеде өзінің жемісін берді деп айтуға болады.
Соңғы уақытта тұрақтандыру қоры қаражат көбірек сұрай бастады. Қанша берілсе де жеткіліксіз болды. Сонда да әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы шарықтап, тұрақтамай тұр. Демек, бұл жерде нақты бір схемалар, әлгі қаржыны талан-таражға салатын азаматтар пайда болды деген сөз. Президенттің айтып отырғаны сол.
Менің ойымша, қазір тұрақтандыру қоры толығымен жауып тастаудың қажеті жоқ. Бірақ біртіндеп оны қайтарған жөн. Ауыл шаруашылығымен мамандарымен сөйлесіп, нақты мәселелерін білу керек. Тұқымның бағасы да қымбаттап кеткен. Сондықтан сапалы тұқымды жеткізіп беру мәселесін де жақсылап қарастырған абзал. Шаруаларға жеңілдетілген несиені көбірек беріп, техникалық жабдығын жақсарту керек. Міне, осындай жұмыстарды дұрыстап жүзеге асырса, онда бағаны реттеуге ықпал етуге болады.
Мақсат ХАЛЫҚ,
экономист