Жаңа жыл жақсылыққа жетелесін
Жаңа жыл үлкен мереке. Бұл жүрекжарды, ыстық ықыласты, пәк тілекті, ақ тілектердің риясыз көңілмен ақтарылатын күн. Жаңа жыл әрбір отбасыға сәттілік, қуаныш, шаттық, бақыт сыйлап, әр жүректе үкілі үміттің отын алаулататын сәт. Осы бір жан жадыратар жаңа жыл кеші аудан орталығында айырықша сән-салтантымен аталып өтті.
Жақсылықтың жаршысы болған жылқы жылын шығарып салып, момында жуас қой жылын думандатып қарсы алу үшін алаңға жиналған аудан тұрғындарының санында шек жоқ. Қызылды-жасылды шырақтармен безендірілген жасыл шырша жанындағы қанық бояулармен әрленген қалашықтар мен мұндалап тұрды. Қалашықтардың саны жылдағыдан аз болғанмен сапасы көңіл қуантарлық.
Орталық алаңға жиналған аудан жұртшылығын аудан әкімі Асқарбек Кенжеғарин құттықтап, әрбір отбасыға бақ-береке, мықты денсаулық, елімізге тыныштық тілеп, өзек жарды лебізін білдіріп, “жақсылықтың жаршысы, игі істердің бастамасы болған жылқы жылы біздің аудан үшін құтты жыл. Осы жылы Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. “Ақ бұлақ” бағдарламасы шеңберінде Саға ауылына тұщы су қондырғысы орнатылып, ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілді. Сондай – ақ, Көлқамыс, Көкалат, Қарасу, Сужарған, Шилі, Милісай ауыл, ауылдық округтердегі клубтарға заманға сай күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, ауыл мәдениетін дамытуға септігін тигізді”, – деді аудан басшысы. Сонымен қатар облыс әкімінің жаңа жылдық сыйлығын көп балалы ана Жансая Кәмешоваға табыс етті.
Торғай ауылының әкімі Ғабит Сүндетбаев қалашықтағы жан – жануарларды аунытпай салып, орталық алаңның көркіне сән кіргізген мекемелерге жүлделі орындар тағайындап, ақшалай және ынталандыру сыйлықтарын тапсырды.
Түрлі спорттық ойындардан ептілер мен шымырлар бақ сынасты. Өз өнерлерімен ерекше көзде түскен аудан тұрғындарына жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді. Жаңа жыл құрметіне арналған думанды кеш сәні әсем ән, әдемі бимен ажарлана түсіп, мерекелік кеш сәнін айшықтай түсті.
Шындығында да жылқы жылының жақсылықтары шаш етектен. Соңғы екі жыл көлемінде ауданның әлеуметтік – экономикасында ілгерлеушілік байқалып, ауданның көркі ажарлана түсті. Әрине бұл ел басқарған ағалардың арқасы деп білемін. Сондықтан қой жылында да жақсы игі бастамалар жалғасын табады деп сенемін.
Байбатыр Ниязбекұлы