Арқалық “ақылды қалаға” айналады
Арқалықта «ақылды» қала жүйесінің элементтері енгізіледі. Бұл туралы бүгін Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Сейітбек Қуанышбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Арқалық қаласы «ақылды» қала жүйесінің элементтерін, атап айтсақ «ақылды» жарықтандыру, сондай-ақ «жасыл» технологияны ендіруді мақсат етіп отыр. Арқалықтағы баламалы қуат көзін ендірудің алғашқы тәжірибелерінің бірі «Алюминстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қуаттылығы 3,5 кВт жел генераторларын және күн батареяларын қолдануы болып табылады»,- деді ол Үкімет үйінде «ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған жаңа ғылыми әдістер мен технологияларды қолдану мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, институт ЭКСПО-2017 көрмесінің алдындағы бірқатар іс-шараларға қатысты. Институттың студенттері мен оқытушылары көрме тақырыптарына қатысты мәселелерге зерттеулер жүргізді. Зерттеу нәтижелері бойынша 15-тен аса ғылыми жұмыстар жарияланып, бір ғылыми жоба орындалды.
«Бір мамандық – бір инновациялық аудитория» қағидаты бойынша оқу үрдісін ресурстық жабдықтауды дамытуға бағытталған институт жобаның аясында материалдық-техникалық базаны жаңғырту жұмыстары басталды. Алғашқы қадамдардың бірі ретінде физика және информатика мамандықтарының студенттеріне арналған «Роботты техника» оқу зертханасының сатып алынуы болды. 2018 жылы «ЭКСПО-2017» көрмесінде Украина мемлекеті ұсынған зертханаларды автономды электрмен қамтамасыз етуге арналған энергиясын электр энергиясына айналдыратын, терезенің темір пердешелеріне фотоэлектрлі элементтерді монтаждайтын Solar gaps жүйесін сатып алуды жоспарлаудамыз», – деді Сейітбек Қуанышбаев.