Армысың, әй-әй АҚЫН! Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл – 60 жаста
Халқымыздың ғажайып өнері айтыс десе, ішкен асын жерге қоймайтын қазақ жоқ. Сондықтан да айтыстың қас шеберлерін елі ерекше құрметтейді. Жамбылды, Сүйінбайды, Кененді, Біржан мен Сараны, Нұрхан мен Майташты және басқа халық таланттарын төбеге көтеретініміз де содан. Бұған өзіміздің Әсия мен әй-әй ақын Қонысбайды қосыңыз…
Бүгін сол Қоныс туралы бірер сөз айтудың реті келіп тұр. Астанада тұратын ақын, қайраткер ініміз алпыс атты арғымақ жастың жалына жармасты. Бұл белеске ол ағайын-туған, келісті отбасы, өркен жайған ұрпағы, талантын құрметтеген қатарластары ортасында абырой-беделі асқақтап жетті.
Ол 1954 жылы 21 мамырда Жанкелдин ауданында туған. Жастайынан Торғайдың топжарған ақын-жазушыларын, жампоз журналистерін көріп өскен бала сол ағалары сияқты қаламгер болуды армандайтын. Арманға жету үшін оқып, мамандық алу керек. Ал сол тұста журналист мамандарын тек Қазақтың маңдайына біткен жалғыз университеті – Қазақтың С.М.Киров атындағы білім ордасы даярлайтын. Қоныс сол беделді оқу орнын бітірді. Қолында журналист дипломы бар жігіт туған елге келіп, аудандық «Жаңа өмір» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болды, ысылды, тәжірибе жинақтады, шеберлігін шыңдады.
Енді құлашты кең сермеп, бүкіл ен-байтақ еліміздің аренасына шығу мүмкіндігі туды. Сол тұстағы ең бір беделді газет «Лениншіл жас» қаламгер Қонысты Торғай мен Целиноград облыстарындағы меншікті тілші қызметіне тағайындады. Талантты тілші тарихи Торғайдың талай түйткілдерін көтерді, Ақмоладан талай ақтаңдақтар паш етілді.
1985 жылы ол облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары болып тағайындалды, ал 1991-1995 жылдар аралығында Торғай облыстық телерадиокомпаниясының тізгінін ұстады. 1999 жылы «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршылар одағының» төрағасы болып сайланды, Астана қаласы әкімі аппараты тіл саясаты бөлімінің меңгерушісі қызметін ұзақ жылдар бойы жемісті атқарып, жаңа Астанамызда мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бір кісідей үлес қосты, кейде ерекше қайраткерлік күш-жігер жұмсап, шешуі қиын түйіндерді де тарқатып жатты.
Қонысбайды халық ең алдымен өзіндік өрнегі бар айтыс ақыны деп біледі. Өзіндік мақамы, өзіндік сөз саптау жүйесі талай жұртты таң қалдырып, таңдай қақтырғанын біз жақсы білеміз. Оның Қазақстан халық ақындары Көкен Шәкеев, Әселхан Қалыбековамен сөз қағыстыруы айтыс тарихында ерекше орын алатын сайыстар. Басқа да үлкенді-кішілі ақындармен бәсекеге түсуінің қай-қайсысы болмасын «Әй-әй ақынды» аспанға көтерген айтыстар еді, шіркін!..
1990 жылы Ташкент қаласында Балқы Базардың 150 жылдығы құрметіне өткізілген Орта Азия және Қазақстан ақындарының айтысында бас бәйгеге ие болып, осы жылы өткен республикалық айтыста ең биік тұғырға көтерілді. Бейімбет Майлиннің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 100 жылдығына арналып өткізілген айтыстарда да Қонысқа жетер жан болмады. Телевизиялық сайыстарда да оның мерейі үстем болды.
Айтыс өнеріне сіңірген зор еңбегі және шығармашылық табыстары үшін оған 1990 жылы «Қазақстанның халық ақыны» құрметті атағы берілді, мемлекеттің жоғары наградаларын алды.
Оның қаламынан «Бастау», «Көршілер», «Алаңғасар», «Қонысбайдың қалжыңдары» және басқан кітаптар туып, оқырман игілігіне айналғалы қашан.
Қоныс ініміз қолыңыздағы осы «Қостанай таңы» газетінің ұзақ жылдар бойғы тұрақты авторы және жанашыры. Сондықтан да біз оны мерейтойымен құттықтауға және тілектестік көңілімізді білдіруге ерекше қуаныштымыз.
Сәлім
МЕҢДІБАЙ
СУРЕТТЕРДЕ: Қонысбай Әбіл сахнада; үш дос: Қалибек Деріпсалдин, Бақытжан Сәуекенов және Қонысбай Әбіл. (Суреттер редакцияның мұрағатынан алынды). (1977 ж.).