Қарлығаш, Шұға, Айтолқын. Ал Гүлназым қай толқын?
Биыл аймақтағы баспасөздің қара шаңырағы – "Қостанай таңы" газеті облыс орталығын қоспағанда, өңіріміздің барлық аудандары мен қалаларын аралап, газет күндерін өткізіп келді. Сол кездесулерімізге қалың оқырман – сіздер куәсіздер. Ал осы жолдардың авторы сол аудан-қалалардағы газет күндерінің біреуінен де қалған жоқ. Жиындардың барлығын сахнадан жүргізіп, елдің алдында шығып тұрған соң, аз ғана ой жүгіртіп отырғаным содан.
Өз басым халықпен әрбір кездесуден ерекше әсер алдым. Басында сахнада тұрып, жүздеген көздер саған қарап отырғанда, қысылып, іштей жүрексінгенімді несіне жасырамын. Себебі, халықпен сұрақ-жауап болып жатқан арада концерттік нөмірлер беріліп, марапаттар өткізілу керек те, соның барлығын рет-ретімен өткізіп тұратыным тағы бар. Кейде бағдарламаны сахна артына шығып, өзгертіп жіберуге тура келеді. Мұндайда бәрін жауапкершілікпен атқару – өзіңе абырой емес пе!
Ал кей кездесулерде амалсыз езу тарттыратын оқиғалар да болды. Сондай сәттің бірін баяндап берейін. Қай ауданда кездесудің өтіп жатқаны есімде жоқ, сахнаның арт жағына ұйымдастырушылармен ақылдасуға шығып кеткем. Шамасы мені күтіп тұрған болса керек, жасы қырық шамасындағы жігіт маған "Залда көп алдында беруге қысыламын, мына өлеңімді кейін редактордың қолына та-быстайсың ба?" деп, екі беттік өлеңін әкеліп тұр. "Аға, зал жаққа барып, өзіңіз беріңіз" дедім. Ол кісі өлеңін бас редакторға берді ме, бермеді ме білмеймін, бірақ сол арада аз-кем әңгімелесіп тұрмыз.
– Інім мен газетті үзбей оқитын едім. Тілшілерді де сырттай танимын. Сәлім, Дәмір, Ермекбай ағалардың ізін Әлібек, Нұрболат қатарлы жігіттер басып келеді. Гүлназым, Қымбат қарындастарымыз да Айтолқын, Қарлығаш, Шұға апайларына қосылып, бір шоғыр болды, – деп қояды.
Газетте ұзақ жыл еңбек еткен, ел білетін, бүгінде немере сүйіп отырған Гүлназым Сағитованы жаңағы жігіттің "қарындасым" дегеніне бір күліп алдым. Бірақ ештеңе деген жоқпын. "Апайымызды қыздай қылғаныңның несі айып?" дедім ішімнен.
Қыдырбек Қиысханұлы