Үй салудың қиыны-ай…
Жалпы, адам баласы әр жылдан жақсы жаңалықтар мен оң өзгерістер күтеді ғой. Биылғы Жылқы жылының да мен үшін қызмет бабында да, жеке өмірімде де қуанышты күндермен, қызықты сәттермен есте қалары сөзсіз. Соның ішінде, биылғы еңбек демалысымда үй салып, баспана тұрғызудың қызығы мен қиындығын өз көзіммен көріп, бүгінде құрылыс саласының "майталманы" болып алғанымды қалай ғана ұмытайын. "Арқалағаны алтын, жегені жантақ" журналистердің жағдайы айтпаса да белгілі, үкіметтен беріліп жатқан баспана, не әлеу-меттік бір көмек жоқ. Үйдің кезегін күтіп отыра берсең, зейнет жасына да жетіп қаларың анық. Әйтеуір, үкіметтен бір он сотық жердің бұйырғанына да қанағат деймін. Әйтпесе, оған да қолы жетпей, қу тақыр жерді сатып алып жатқандары да қаншама? Шындығын айтсам, бастапқыда үй салудан үрейленгеніміз рас, өйткені бәрі қаржыға кеп тіреледі ғой, екіншіден, үй салу үшін жұмыс күші де керек. "Ой, үй салу оңай емес, одан да ақшаңды жинап, сатып алған дұрыс" дегендер де болды. Бірақ, жолдасым екеуміз пәлен жылға ипотекаға алғанша, оданда төрт-бес жылдың ішінде бір үй салып алған жеңілдеу деп шештік. Сөйтіп, аздап жиған-тергенімізді салып, оған қоса бірнеше банктен несие алып, үй салуды бастап кеттік. Мәссаған, "там салғанның тамтығы қалмайды" демекші, үй салу дегеніңіз тақыр жерде тау тұрғызғанмен бірдей екен. Баспана тұрғызу үшін қыр-уар қаржымен қатар, уақыт та ауадай қажет екен, сондықтан жұрт еңбек демалысын қыдыруға жұмсаса, мен үй салуға пайдаландым. Әрине, бар жұмыс маған тіреліп тұрған жоқ қой, басы-қасында болып, тамақ істеп, барып-кел, шауып-келге барудың өзі шаршатып жібереді екен. Оның үстіне, күннің аптап ыстығы мен толассыз жауын-шашынның өзінен-ақ қара сорпа болып, әбден әбігерге түскенде бәріне қолды бір-ақ сілтегің келеді. Бірақ, қиындықсыз ештеңе болмайды. Әйтеуір, қазақ ағайын-туыстан кенде емес қой, бауырларымыз бен ағайын-туыстың, жолдас-жоралардың біркісідей қолдап, жәрдемдесуінің арқасында осы жылы шаңырағымызды көтеріп алдық. "Өзім дегенде өгіз қара күшім бар" демекші, бір қызығы құрылыстың басы-қасында жүріп-ақ құрылыс материалдарының да небір түрін біліп, жаттап алдым.
Ой, жер мен үйдің құжатын дайындаудағы машақатты айтсаңызшы, ол үй салудан да қиын ғой. Бар жұмысты ысырып қойып, үйдің құжатын дайындау үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырған күндерім де әлі естен кетпейді. Құжат қабылдайтын кабинеттердегі ұзын-сонар кезек пен ондағы айғай-шудың өзі жүйкені әбден жұқартып жібереді екен. Асылы, сабақты ине сәтімен деген, шүкір бәрі өз ретімен болып жатыр. Алла қаласа, келер жылғы еңбек демалысымды да осылай үйдің айналасында өткізетін шығармын. Өйткені, үйдің "жыры" әлі бітер емес. Қалай дегенмен, өтіп бара жатқан Жылқы жылына өкпеміз жоқ, келер Қой жылынан да күтер үмітіміз мол!
Қарлығаш Оспанова