Мен қалайша “жемқор директор” атандым?
"Журналисттің ашылса тіл мен жағы, қарашаның айтылар мұң мен зары". Иә, журналист болу оңай емес. Батырдың күші қаруында болса, журналисттің қаруы қаламында. Бірақ тағы "журналистпін" деп ойыңа келгенді жаза беруге болмайды…
Қараша айында "Айқын" республикалық газетінің "Ара" қосымшасында "Қоңқабайдың қосылғыштары" деген фельетон жарық көрді. Онда балабақшаның парақор директоры жайында жазылады. Басты кейіпкері – кәдімгі мен. Қалайша балабақша директоры атанды дейсіз ғой? Басынан бастап баяндап берейін.
Биыл күзде облыстық прокуратураның қадағалау қорытындысы бойынша газет бетіне Қарасу ауданының "Балапан" балабақшасының директоры туралы жазған шағын хабарым шықты. Онда директор балабақшаға от жағушы жұмыскер алып, ай сайынғы жалақыны бұрын-соңды мұнда жұмыс істемеген қызметкердің есепшотына аударып отырғаны туралы фактілер келтірілген еді. Ал осы мақаланы "Айқынның" "Ара" қосымшасы сілтемесіз көшіріп алғанымен қоймай, ондағы кейіпкерді "Шұға Қоңқабай" деп жазып жіберіпті. Сөйтіп республикалық газеттегі әріптесімнің ұқыпсыздығынан менің жоғарыда автор ретінде көрсетілген аты-жөнім "парақор директор" болып кеткен…
Оны алдымен өзім де оқымаған едім. Оны тағы өзіміздің жанашыр оқырмандарымыздан естіп білдім. Мән-жайды анықтай келе, фельетон жазған журналист хабардың басында тұрған авторды балабақша директоры деп жазып жібергеніне көз жеткіздім. Сөйтіп, мен республикалық газетте бір мезетте Қарасу ауданының балабақша директоры болып шыға келдім.
Журналистика саласында еңбек еткеніме он жылдан астам уақыт өтіпті. Осы уақыт ішінде байқағаным, журналист болу оңай емес. "Журналист болам деу – айтуға оңай…". Ал, бұл салада жүргендерге елдің айтатын сыны жетіп артылады. Қай салада қалам тербесең де, алдымен фактіңнің нақтылығына көз жеткізіп, "Жеті рет өлшеп, бір рет кесуге" тура келеді. Осы оқиғадан кейін журналист мамандығын таңдаған жанға қырағылық пен ұқыптылық қажет деп шештім.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы Өмірхан Әбдіманов ағамыз бір сөзінде: "Әлемде екі мамандықтың жүгі өте ауыр. Олар – аспаз бен журналист. Бірі асхананың, екіншісі өмірдің ыстығында жүреді…" – деген екен. Төртінші биліктің тізгінін ұстасам деген таудай талаптары бар тілшілер қауымына осы оқиға сабақ болса екен деп жазып отырмын.
Жаңа жылдарыңызбен, қа-дірменді оқырман!
Шүға Қоңқабай