Ағамыз Құрметті азамат атанды
Мінекей, көзді ашып-жұмғанша жылқы жылын аяқтап қалыппыз. Қазір жолайрықта тұрмыз. Санаулы күндерден соң 2015 жылға қадам басамыз. Осы бір жылдың ішінде талай қызықты сәттер мен талай "әттеген-ай" деген кездер болды. Қуану мен мұңаюдың алмасып, арбасып өте шығатыны заңды да. Сондай сәттердің бірі, әрі есте ерекше сақталған оқиғаны сіздерге баяндамақпын.
Қыркүйек айының 15-ші жұлдызы. Бұл дата менің жадымда берік сақталған. Неге дейсіз ғой. Себебі дәл осы күні редакциямыздың ардақты азаматы, жастардың жанашыр тәлімгері Сәлім Меңдібаев ағамыз "Қостанай қаласының Құрметті азаматы" атанды. Марапаттау салтанатына мен де қатыстым және өзіме өмірлік сабақ алып, ой түйген едім.
…Жұмыс тәртібі бойынша таң-ертеңгі жоспарлаудан шығып, кабинетімізге тарастық. Әркім өз орындарына жайғасып қызу тірлікке кірісіп кеткен. Бір кезде тілші Қыдырбек Қиысхан ағамыз келіп: "Бүгін Сәлім ағай Құрметті азамат атағын алады екен. Ұжым болып құттықтаймыз ба?" деген ой тастады. Бұл бастаманы бір ауыздан қолдай жөнелдік. Қызды-қыздымен ағайға сыйлау үшін әдемі гүл шоғын сатып алдық. Ал оны кім сыйлайды? Ағайды құттықтауға бәрі асық. Бірақ бүтіндей бір редакция жалғыз құшақ гүлді қайтіп береді. Сонымен ақылдаса келе редактордың екінші орынбасары Ж.Кәкімжанов, тілші Қ.Қиысхан, тілші Ә.Ибраев және мен Сәлім ағайды құттықтауға баратын болдық. Алқызыл гүлімізді арқалап межелі жерге жеттік. Марапаттау рәсімі қалалық балалар шығармашылық үйінде өтеді екен. Зал лық толы. Ине шаншыр орын жоқ. Қыз баласы болған соң ағаларым гүлді маған беріп қойған. "Сыйға тартқанша сен ұстай тұр", деп. Сонымен салтанатты жиналыс басталды. Қала басшылығы ресми мәліметтерін айтып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Басшылықтың баяндамасы біткен соң екі аза-матқа "Қостанай қаласының Құрметті азаматы" деген төсбелгі табысталды. Сол үшеудің бірі біздің Сәлім ағамыз. Ағайдың аты-жөні аталсымен сахнаға қарай жұлдыздай ақтым. Ағайдың екі беті алаулап, жүзі балбұл жайнап тұр екен. Ерекше қуанғаны анық байқалады. Осынау есте қалар сәтте әлгі гүлді ұсындым. Неге екенін білмеймін, ағаймен бірге мен де ерекше қуандым. Құдды бір өзім "Құрметті азамат" атанып тұрғандаймын. Бәлкім, ол кісінің еңбегінің ескеріліп, көп алдында мерейі үстем болғанына шаттан-ған түрім шығар… Ағайды құттықтап тұрған сәтімді фототілші Бағдат Ахметбеков фотоаппаратына түсіріп алыпты. Кейін әп-әдемі суретті Сәлім ағайымыз шығарып, қабырғаға іліп қойды. Қазір сол сурет ағайдың жұмыс бөлмесінде әдемі естелік болып сақтаулы тұр. Көрмейсіз бе, сол бір қас-қағым сәтті ағай елеп-ескеріп тарих қойнауының әдемі бір беттеріне қаттап қойды. Әйтпесе, Сәлім ағайды кімдер марапаттамады дейсіз. Талай биіктерді бағындырған білімді, зиялы азаматтардың суреті тұрған қабырғадан өзімді көргенде ерекше толқыдым. Бұл жай сурет емес қой. Мені жасы кіші демей қолдап-қолпаштағаны болар. Осы бір оқиғадан кішілік пен кісілік, қарапайымдылық пен ірілік деген қасиеттердің өміршең екендігін аңғардым. Менің көкейімдегі Сәлім ағайдың бейнесі одан әрі асқақтап, биіктей түсті.
Біздің жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып отыратын да Сәлім ағай емес пе?! Ол кісінің алған марапаттары, көркем-публицистикалық кітаптары жетерлік. "Тұмарымыз-Түркістан", "Мөп-мөлдір дүние" деген кітаптарын қызыға оқыған оқырмандардың бірі өзім. Ағайдың еңбектері туралы айтатын адам табылар. Бірақ мен өзім куә болған осы бір оқиғаны ерекше тебіреніспен еске аламын.
Қымбат Досжанова