Балаларға ақ жол тілеп тұрғандай…
2014 жылдың он екінші желтоқсаны біздің отбасымыз үшін ғана емес, облыстағы талай отбасы үшін ерекше күн болып есте қалды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қостанайда Назарбаев зияткерлік мектебі ашылды. "Жарты жыл күткен осы күн біз үшін мереке сияқты", – дейді балалар.
Шынында да, балалар жылдың басында мектеп ашылайын деп жатыр деп бір дүрлікті. Одан оқулары біте сала құжат жинап, маусым айында тест тапсырды. Ата-аналар пединституттың алдында балалары үшін алаң болып, екі күнді өткізді. Одан соң тестен алған баллдары белгілі болып, бір-бірінен сүйінші сұрап, тағы бір дүрлікті. Күте-күте төзім біткендей күйде болғанда, Тұңғыш Президенттің "Өркен" грантына ие болғандардың тізімі жарық көріп, тағы да бір-бірін құттықтап, мәз болды. Балалардың жеңісі – біздің жеңісіміз емес пе? Олармен бірге біз де қуандық.
…Таң қараңғысында қаланың солтүстік батысындағы жаңа мектепке бет алдық. Жарқырап тұрған оқу орны, жап-жас мұғалімдер, балаларды өз сыныптарына бөліп алып, әкетіп жатыр. Балалары енді жаңа, болашақтың мектебінде оқитын болғасын ата-аналар да жаңа жылдан көп жаңалық күтеді.
Міне, оқушылар мектептің ашылу салтанатынан шықты. "Шынымен, осындай тамаша мектепте оқимыз ба?" дегендей, қуаныштан жүздері бал-бұл жайнайды. Алған әсерлерін айтып тауысар емес. Көргендері көңілден шығып, білім ошағымен қайта қауышар сәт те жақын деп мәз.
Біз сыртқа шыққанда тұман сейіліп, күн де жарқырап тұр екен. Ашық аспан, аппақ қар, ақ қырау басқан қайыңдар, табиғат та балаларға ақ жол тілеп тұрғандай …
Келер жыл да осындай қуанышты сәттерге толы болсын, ағайын!
Мнауара Қабдрахметова
күшті екен