Қария алғысын жаудырды
Редакциямызға Заречный ауылының тұрғыны Тиін Хасен хабарласып, ақ халаттыларға алғысын айтатынын жеткізді. Кейуана осыдан екі апта бұрын жоғары қысыммен Қостанай аудандық емханасына жеткізіледі.
– Ауруханаға жағдайым нашарлап, балаларым сүйемелдеп апарып еді. Енді, міне, он күн емделіп, үйіме өз аяғыммен келдім. Алдымен Алланың құдыреті – жарық күнді қайта көріп отырғаныма. Одан кейін ауруханада маған ем-дом жасаған Салтанат есімді қызыма алғыс айтайын деп едім. Қолы жеңіл, ең бастысы өзі сондай ибалы екен. Өзіне де ұзақ ғұмыр тілеп отырмын. Газет арқылы қызыма алғыс айтсаңдар екен, – дейді сексен жасар әжей.
Біз әжейдің аманатын арқалап, Қостанай аудандық ауруханасының терапия бөлімі қайдасың деп бардық. Салтанат деген сонда әжептәуір жұмыс атқарған, тәжірибесі бар маман шығар деп ойладық қой. Сөйтсек, Салтанат Туктубаева биыл ғана Қарағанды мемлекеттік медицина университетін тәмамдап, 1 тамыздан қызметін енді бастаған жас терапевт екен. Біз оған әжейдің сәлемін жеткіздік. Жас маманның аты – жас, білері мол болса да, ұяң екен. Сарыкөл ауданының тумасы жеті жылғы оқуынан кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша Қостанай аудандық ауруханасының терапия бөліміне бірден жолдамамен келген.
– Дәрігер болудың қаншалықты күрделі екені белгілі. Мен бала күннен осы мамандықты оқуды армандадым. Қазіргі басты мақсатым – өз кәсібіме адал болу. Ал білмегенімді үйретіп, бүгінде тәлімгерім болған терапия бөлімінің меңгерушісі Вера Финкке алғысым шексіз, – дейді Салтанат.
Қыдырбек Қиысханұлы
Суретті түсірген: Айбек Жүзбай