Облыс әкімі жетім балаларға сыйлық жасады
Қостанай облысының әкімі Нұралы Садуақасов балалар үйінің тәрбиеленушілерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ойыншықтар сыйлады.
Әркім Жаңа жылда бір жақсылықтың боларына үміттенеді. Бұл мерекені әсіресе, балалар асыға күтеді. Осынау мереке қарсаңында облыс әкімі Н.Садуақасов «Жанұя» отбасылық типтегі балалар үйі мен облыстық жетім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сый-сияпат жасады. Өңір басшысы театрландырылған қойылымды балақайлармен бірге тапжылмай отырып тамашалады. Бір жарым сағатқа созылған қойылымның соңында кішкентай көрермендерге жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ аталған балалар үйіне теннис столын, ұл мен қыздардың әрқайсысына ойыншықтар сыйлады. Жаңа жылдық қойылымды І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының артистері қойды.
– Армандарыңыз орындалып, үміттеріңіз үзілмесін. Балалық шақтарыңыз уайым-қайғысыз өтсін. Бұл мерекелік іс-шара сіздер үшін жасалды. Қойылымды баршаңызбен бірге отырып тамашаладым. Шынымды айтсам, мұндай театрландырылған көріністі отыз жылдан бері көріп отырмын. Театр артистерінің шеберлігіне тәнтімін. Сіздерге бақытты балалық тілеймін. Ең негізгі міндеттеріңіз-оқу. Ал басқа мәселелерді шешу ересектердің еншісінде,-деді облыс әкімі Нұралы Садуақасов.
Қымбат Досжанова
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков