Ержеткен бала қайта сәби болмайды…

Кейін келе баласы жалқау, сотқар, тілазар болып өссе, бұл қалай болды, қайдан үйренді деп таңданады. Өкінішке қарай, өткенді орнына келтіру мүмкін емес. Ер жеткен бала қайта сәби болмайды. "Азаматтың жақсысы әкенің ақылымен, жаманы әкенің ақшасымен ер жетеді" деген қанатты сөздер де бекер айтылмаған шығар.
Баланы ұрмай-соқпай, әуел бастан-ақ жақсы мен жаманды, оң мен солды бала тілімен үйрете білген ұтады. Баланы еркін ұстаған дұрыс, бірақ шектен шығып бара жатқанын білдіріп қоймаса болмайды. Сондықтан баланың бойынан көрінген кішігірім кемшіліктерді кезінде түзеп, ескерту жасап тұрудың маңызы үлкен. Себебі, бүгін елеусіз болып көрінген кішкентай қателік ертең үлкен бір даулы мәселеге жол ашуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайдың алдын алмаса, соңы жақсы нәтижеге алып келмейтіні сөзсіз. "Еменді и иілетін кезінде, балаңды тый тыйылатын кезінде" деп, баланы жастан тәрбиелеу керек.
Бала өздігінен бала болмайды. Сол үшін баланың санасын оятып, жүрегіне әсер ететін сөзбен ұқтыру керек. Сондықтан балаңыздың жасына, өзіңіздің шаршап отырғаныңызға қарамай, балаңыздың сабағы немесе өз жұмысыңыз туралы әңгімелесіңіз. Бала әрқашан оны жақсы көретінін естігісі, мейрімді көздерді көргісі келеді. Ал қымбат заттар ешқашанда балаға деген махаббатымыздың орнын толтыра алмайды. Әңгіме кезінде балаңызды тым болмаса бір рет маңдайынан, қолынан сипап өтуге тырысыңыз. Баланың адам ретіндегі қалыптастыруда, ер жетіп, азамат болуына, олардың жанына азық, бойына қуат, өнеге беретін аялы алтын діңгегі – әке-шешесі. Тіршіліктегі барлық нәрсенің бір-бірімен сабақтас болғаны сияқты, баланың бойындағы, әдетіндегі небір жақсы, жаман қасиеттің көздері осыларда.
Болашағымыз осы біліммен қарауланған – білімді ұрпақ қолында. Ол болашақ бүгінгі тәрбиелеп отырған сіздер мен біздердің балаларымыз. Жақсы, нәтижелі білімге жету үшін, ең алдымен, балаға тәрбие берілуі шарт.
Барлық ата-ананың үлкен мақсаты – балаларын үлкен әріппен жазылатын азамат етіп тәрбиелеу. Осы істе табысқа жету үшін баланы өз ісіне есеп беруге, заңды сыйлауға, өз құқығын қорғай білуге, соңында өзін-өзі тәрбиелей білуге үйретуіміз керек. Осындай мақсатты өмірлік ісі деп түсінетін ата-аналар балаларын қоршаған ортамен, айналадағы қоғамдық құбылыстармен, тарихпен таныстырып, ерінбей еңбек етуге үйретіп, сыпайы қарым-қатынас жасап, күн-делікті өмірінде дос, сырлас бола біледі.
Бала тәрбиесіне байыппен қарап, баса назар аударайық.
Сәуле КӘДІРОВА,
№16 орта мектебінің ұстазы.
Қостанай қаласы.