“Білімнің шамшырағы – Ы.АЛТЫНСАРИН”
Халықты қараңғылықтан шығарудың жолы – мектеп ашу деп жүрегімен ұққан Ұлы Ұстазға арналған семинар Ы.Алтынсарин атындағы Обаған орта мектебінде болып өтті. Семинар Ы.Алтынсариннің мектеп ашқанына 150 жыл толуына арналды. Жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Қ.Оспан, мектеп директоры А.Ибраева құттықтау сөз сөйлеп,"кешегі білім шамшырағының негізін қалаушы Ы.Алтынсариннің болашақ үшін салып кеткен сара жолын одан әрі жалғастырып, Ұлы Ұстаздың асқақ арманын орындап, еңбектеріне жетістік пен шығармашылық тіледі. Содан кейін мектеп директорының оқу ісі жөнінің орынбасары С.Кішібай жинал-ғандарға Ы.Алтынсарин өмірі мен шығармашылығын, мектеп ашу тарихын таныстыру арқылы көрсетіп өтті. "Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі" – деп өсиет айтқан Ы.Алтынсарин атамыздың ізін қуып келе жатқан Обаған орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері А.Ибраева 6 "А" сыныпта, Н.Ахмадиева 8 "А" сыныпта, С.Кішібай 10 "А" сыныпта, Г.Әлімова 5 "А" сыныпта қазіргі заманауи түрдегі ашық сабақтар өткізді. Сабақтарда өздерінің әдістемелік шеберліктерін, оқушылардың ізденушілігі мен білімін көрсетіп, ақпараттық технологияны кеңінен пайдаланып, өз тәжірибелерін әріптестерімен бөлісті. Алматы қаласында 1-2-деңгейлік курстардан өтіп келген М.Хабибуллина, М.Тенсел қатысушыларға тренинг өткізді. Сонымен қатар семинар барысында қатысушылар мектеп мұражайында болып, Ы.Алтынсарин туралы бейнематериалды тамашалады.
А. АХМЕТЖАНОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы Обаған орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Алтынсарин ауданы.