Тіл – барлық білімнің кілті
Тіл – достықтың алтын көпірі демекші, өзге ұлт өкілдерінің тілін білу артық емес. «Қазақстан Республикасы мәдениет Министрлігі мен Қазақстанның орыс қауымы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы Меморандумына» сәйкес, Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл-барлық білімнің кілті» атты байқау өтті. Мұнда аудан және қаланың оқу орындарында қазақ тілінде оқитын жастар орыс тіліндегі білім деңгейлерін көрсетіп, жарысқа түсті.
Білім жарысына 16-22 жас аралығындағым аудандық және қалалық байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Орыс тілінде өткен байқауда ұсынылған тақырып бойынша ауызша тұсау кесер жасау, жұптасып сұхбат құру сияқты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, «Шабыт жұлдызы» атты сынақта орыстың халық немесе қазіргі заманғы әнін орындау қажет болды. Тіпті сахналаған көрініс қойып, көркем шығармадан үзінді келтіруге мүмкін берілді.
Сынның барлық талаптарынан сүрінбей өткен Сарыкөл ауданы орта мектебінің 10- сынып оқушысы Кәрима Рекенова жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды Әулиекөл ауданы, Аманқарағай орта мектебінің 10-сынып оқушысы Сабина Шаркемелова қанжығасына байлады. Үшінші орын Таран ауданы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Сандуғаш Нұрғалиеваға бұйырды. Байқау жеңімпаздары дипломдармен марапатталып, ұялы телефон мен планшет сыйға берілді. Ал қалған қатысушылар алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтарын алды.
Махаббат Бекбай