Сұраңыз, жауап береміз

Өлең жазбасам ұйықтай алмайтын "ауруға" ұшырадым. Ауылдағылар мені заманымыздың көзі тірі классигі, керемет ақын,кемеңгер ақын деп мақтағанда: "Апыр-ай, сонда мен әлгі ұлы ақын деп жүрген Абайдан да артық болғаным ба" деп өзімнің талантыма қатты таңқаламын.
Құрметті "Усойқы", нағыз ақынды бір шумақ өлеңі арқылы да тануға болады ғой. Ол аз десеңіз, екі шумағымды жіберейін. Оқып, керемет ләззатқа бөленіңіз.    
Бірінші шумақ:
Қант салсаң ыстық шайға кетеді еріп,
Көңіліме қартайғанда бітті желік.
Жиырмадағы Сылқым-ау, қайда жүрсің,
Арман жоқ шашыңды иіскеп, кетсем өліп.
Екінші шумақ:
Ауру мені меңдеді,
Басымды дәрі жамайды.
Топастар келіп кеудеме,
Қойларын әкеп қамайды.
Ал енді осы екі шумағым туралы жеке-жеке пікір білдірсеңіз екен. Расында да мен ғұлама ақынмын ба?
                      Құрметпен, Көкірек.
  Құрметті Көкірек, өзіңіз айтқандай, екі шумақ өлеңіңізді оқып, керемет ләззатқа бөлендік, бөленіп жатырмыз, әлі де бөлене беретін боламыз.     Айтары жоқ, ғұлама ақын екенсіз. Әйтпесе, ыстық шайға салған қанттың еріп кететіндігін осы уақытқа дейін қай ақын жаза алды. Анау атақты Серікбай ақының да жаза алған жоқ. Жаза алмайды, қайдан жазсын. Қартайғанда көңіліңізге желік біткені де құптарлық. Махаббаттың мастыққа, жастыққа қарамайтындығын дөп басып айтып отырғаныңызға тәнтімін. Бірақ өлуге асықпаңыз, пәлесінен аулақ, шашын да иіскемей-ақ қойыңыз. Жалпы Сыл-қым үшін өліп кетуге әзір тұрғаныңызды ескере келе бұл шумағыңызды махаббат лирикасына жатқызуға болады.
Ал енді екінші шумағыңыздың алғашқы екі жолын жақсы түсіндік. Басыңыздың ауыратындығын, дәрі ішетініңізді білдік. Бірақ соңғы екі жолыңызға ақылымыз жетпей-ақ қойды. Топастардың қойларын өз қораларына қамамай, сіздің кеудеңізге әкеп қамайтыны несі? Бұл өлеңнің астарында не жатыр? Шамасы, ғасыр жұмбағы болар.
Жалпы "ұлы" ақындардың өлеңдерін бірден түсіну қиын. Бірден түсінетін болса, ол ұлы ақын бола ма? Топастардың қойларын кеудеңізге неге қамап қойғандығын мүмкін 100 жылдан кейінгі ұрпақ түсінер, бірақ бүгінгі заманның "кешшелерінің" түсінбесі анық. Ол үшін бізді кешіріңіз, ғафу етіңіз.
Жалпы "ұлы" ақын екеніңізді анықтадық. Енді тайсалмаңыз, бұрқыратыңыз, жаңа "туындыларыңызбен" халқыңызды "ләззатқа" бөлей беріңіз.                                                                               
                                       Құрметпен, "Усойқы".
 
Абдолла айтқан екен
Абдолла Арқалыққа келіп, бажасына: "Меке, реті келсе, 50-60 шақырымдай жерде нағашым бар еді, аздап дімкәс, көңілін сұрап, әрі кітабыма байғазысын алып қайтайық" – деп өтініш жасайды. Ол келісе кетеді. Сонымен қасына балдызын, тағы бір нағашы апасын алып жүріп кетеді. Аман-сау келіп, шәй ішкесін қоштасып үйге қайтады. Байғазысы болмай қалады.
Сонда бажасы: "Әбеке, әлгі алам деген байғазың қайда?"  десе, Абдолла:
Алар әркім көңілдегі бағасын,
Ойыңдағын қалай айтпай қаласың.
Байғазыма көк тиын да бермеді,
Жұмыртқадан жүн қырыққан нағашым,–  деген екен.
* * *
Сейіл қайнағасы Абдолланы көрген сайын "әй, күйеу" деп, "халың қалайға" басатын көрінеді. Соны пайдаланып, Абдолла аздап қайнағасын қағытып алатын. Бір күні газ балон ала кетейін деп, газ мекемесіне келсе, адам көп, балон алу "жәрмеңкесі" қызу жүріп жатыр екен.
Қайнағасының көңілін аудару үшін;
Ассалаумағалейкүм, қайнағамыз,
Сізді көріп көңіл тоқ, жайланамыз.
Кезексіз бірер балон алам ба деп,
Жете алмай сыртыңыздан айналамыз,– деп дауыстайды.
Секең ақсақал бір күліп алып; "Әй,Төлеген, сен жаңағы қағытпаны жазып ал. Сосын қажетті балондарыңды алыңдар", –депті.
* * *
2001 жылы Абдолла бажасы үйінде көптеген дәрігерлермен бас қосады. Әңгіме барысы ауру-сырқау, оны емдеу және ем бағасына келіп тоқталады. Бір кезде Әбекең дәрігер болып;
Ауру-сырқау рас елде көп дейді,
Бізге жұмыс ештеңе де етпейді.
Есігіміз қалтасы қалың жанға ашық,
Ақшасы жоқ өзінен-өзі шеттейді.
Алақанына "бірдеңе" салып бермесең,
Медбике де егетінін екпейді,– дейді.
– Әбеке, сізді ақысыз-ақ емдейік, тек мына өлеңіңізді таратпаңыз,– деп бір замандасы күліпті.              
 
Сандалған сауал
"Арақ –  аздырады" деген сандалған сөзді иттің етіндей жек көремін. Жасым 60-қа толды. Өмір бойы ішумен келемін, азған да, тозған да түгім жоқ. Қайта той-думандарда ішкен кезімде кейбір ішпейтіндер сияқты тырысып, бүрісіп отырмаймын, жайнап кетемін, сайрап кетемін. Әшейінде "жүрмейтін" аяғым билегенде жорғалап кетеді, бойда қаным "ойнап", маңдайдан тер сорғалап кетеді. Ой-хой, әсіресе сұлу қыз-келіншектердің ортасында билегенде құлыншақтай ойнақтаймын, тура 25-тегі бойдақтаймын. Ішпейтіндер сөйлеуге де ерінеді, ал мен ішкенде сөз дегенің   таудан аққан бұлақтай төгіледі. Дауысым да ашылады, ән дегенің шашудай шашылады.
Құрметті "Усойқы", көрдіңіз бе арақтың құдіретін. Баяғыда бойдақ  кезімде де қазіргі әйеліме көңілімді қатты қызып тұрып білдіргем. Арақ болмағанда қатынсыз қалуым да мүмкін еді. Сіз қалай ойлайсыз, "арақ аздырады" деген сөзбен келісесіз бе?
                                                         Құрметпен, Күндемас.
 
Құрметті Күндемас! Астапыралла, әкеңіз атыңызды ұялмай-қызармай бұлай қалай қойған? Енді Күндемас деп атыңыз ай-қайлап тұрғанда қалай ішпейсіз? Ішіңіз, сілтеңіз.
Сіздің арақ ішкен кезіңіздегі жайнап, сайрап кететіндігіңізге еш шу келтірмеймін. Өйткені, арақ  деген "әулие" ішіңізге бара салып, әкесінің үйіне келгендей асыр салып, өн-бойыңызды аралап, қалғып кеткен, ұйықтап кеткен толып жатқан талантыңыздың нүктелерін "жұлқылап", оятады, тірілтеді, "іске қосады". Бұдан кейін сіз жайнамағанда кім жайнайды, сіз сайрамағанда кім сайрайды, сіз ойнақтамағанда кім ойнақтайды?
"Арақ – аздырады" деген сөзге ешқашанда сенбеңіз, әйеліңіз ішпе деп қиқуласа да көнбеңіз, бөшкелеп ішсеңіз де, өлмеңіз. Сілтей беріңіз,сілтей беріңіз.
                                                           Құрметпен, "Усойқы".
 
 
Суретші көзімен
Сардарбеков сурети цв
Суреттерді салған Бағдат САРДАРБЕКОВ.
Арқалық қаласы.
 
"Дәрігер"  кеңесі
"Алпыс, алпыс дегенің – талтүс" деп, 60 жасқа келгеніңізде көрінген қызға ыржалақтап, тектен-текке көп еліре бермеңіз. Еліру-есалаңдықтың белгісі, ақылыңыз үшін аса қауіпті. Аяқ астынан алжып кетуіңіз мүмкін.
* * *
Жетпіс жасқа жеткеннен кейін баяғы ата-бабаларыңыз сияқты жас тоқал аңсап, көрінген қыз-келіншекке көзіңді сүзе берме. Бұл сіздің кәрі жүрегіңіз үшін үлкен жүк. На месте жүріп кетуіңіз мүмкін.
* * *
Сексен жасқа жеткеннен кейін де ара-тұра болса да 100 грамм жұтып қоюды ұмытпаңыз. Бұл сіздің бүкіл ағзаңыз үшін пайдалы. "Жүзекең" ішке барғаннан кейін тек жатпай, ағзаңыздағы қалғып кеткен сезім "нүктелерін" түрткілеп оятып, дүр сілкіндіреді. Қиялыңызды қалқытады, көңіліңізді шалқытады, сезіміңізді балқытады. Баяғы жастық шағыңызға еніп, баяғы қыз-келіншектеріңізбен шүйіркелесіп, өзіңізден өзіңіз жымиып, мәз-мәйрам боп, бір жасап қаласыз.
* * *
Тоқсан жасқа келгеннен кейін де кемпір-сампырды тосырқамаңыз. Қасыңызда кемпір емес, баяғы сол сұлу қыз отырғандай сызылып отырыңыз, паһ,шіркін, иісі қандай деп қызығып отырыңыз. Бұл сіздің әбден "жүнжіп", өлуге "жұлқынып тұрған" кәрі жүрегіңіз үшін аса пайдалы. Өмірге деген құштарлығыңыз артады, кәрі жүрегіңіз жасарып, сізді алды-артыңызға қаратпай, 100-ге дейін "тартады".  Аржағын айтпаймын.
 
"Аман келіп, аман кетсе екен"
Бірде Кеңшілік Мырзабековтың туған ағасы Бақтыбай маған мынадай әңгіме айтты:
– "Алматы қаласынан бір топ ақын-жазушы Торғай өңіріне келе жатыр" деген хабар құлағына шалынса, шешеміз Мәркүл "Ішінде Кеңшілік те жүрген шығар. Айналайын, аман келіп, аман кетсе екен" деп сарыуайымға салынатын болыпты. Ондағысы – баласының туған жерде тым еркінсіп кететінінен, әсіресе, басшы қауымға сүйкенбей өтпейтінінен қауіптенгені.
Жақсылық Жүнісұлы.
 
 
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓