Талқыда – өңір әдебиетінің келешегі
Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалы мен Л.Н. Толстой атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Ақындардың жырындағы Азаттық» тақырыбында өңірлік қаламгерлердің қатысуымен онлайн-кездесу өтті.
Оған Жазушылар одағының жергілікті мүшелері, ақын-жазушылар мен облыстың әр өңірінен қолына қалам ұстаған шығармашыл жастар онлайн-байланысқа қосылды. Іс-шараның мақсаты – егемендікті қастерлеу, қадірлеу сынды міндеттерді ұрпақ санасына сіңіру және алдыңғы толқын ақын-жазушылар мен бүгінгі жас буынның арасындағы байланысты қайта жаңғыртуға, одан әрі нығайтуға жол ашу, жастар шығармашылығы аясында пікір алмасу.
«Елдегі эпидемиологиялық жағдайдың әсерінен көптеген жобалар мен ауқымды іс-шараларды өткізе алмадық. Алайда, онлайн режимінде бас қосып, пікірлесіп, ойларын ортаға салып жатқан жастардың әрекеті көңіл қуантады. Әлі де жас қаламгерлердің осындай іс-шараларда белсенділік танытқанын қалаймыз. Алдағы уақытта еліміздегі ахуал жақсарып, өздеріңізбен жүздесетіндей күн туса, талай тың жобаларды іске асырамыз», – деді Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай облыстық филиалының директоры Жанұзақ Аязбеков.
Ал белгілі ақын Серікбай Оспанов қолына қалам ұстаған кейінгі толқынға ізденістен танбау керегін айтты.
«Менің өлең жазып келе жатқаныма 60 жыл болды, бірақ әлі де білмейтіндерім көп секілді, енді ғана өз сүрлеуімді тапқандаймын. Поэзия дегенің түпсіз терең тұңғиық сияқты ғой. Жалпы, ақындық үлкен ізденісті қажет етеді. "Қазір ақындар тым көбейіп кетті" деп жатамыз. Шындығында, өлең жазып жүргендер көп, бірақ ақындар аз. Образды ойлау, ұйқасқа байланбау, стильдік ерекшелік өлең жазатын адамдардың бәріне бірдей тән дүние емес. Меніңше, қазіргі жастар ұйқастың шеңберіне қамала бермей, барынша еркін жазуға, айтар ойын кеңістікке шығаруға ұмтылуы керек», – деп ақылын айтты әйгілі ақын. Ол сөзінің соңында өзінің өлеңін оқып берді.
Сондай-ақ орта буын қаламгердерден Жандос Жүсіпбек пен Аслан Қанғожин сөз алып, бүгінгі әдебиетте тәуелсіздік тақырыбы, егемендік ұғымы қалай көрініс тауып жатқаны туралы пікірлерін білдірді. Олар егемендікті өлеңге қосуда таптаурын мазмұндаудан арылып, жаңаша сипатта жырлауға талпыныс жасайтын уақыт келгенін айтты. Ақындар "өңірлік әдебиеттің келешегі сөз өнерін жанына серік еткен алдыңғы және кейінгі буын өкілдерінің қолында" деп қорытынды жасады. Іс-шара барысында жас буын қаламгерлердің ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Жастардың көбі талапкер ақындардың шығармашылығын насихаттауға көбірек көңіл бөлінсе, шабытты шыңдап, ынтаны арттыру үшін мүшайралар, байқаулар жиірек ұйымдастырылса деген тілектерін айтты. Өлең өлкесіне енді ғана қадам басып келе жатқан жастар патриоттық бағыттағы өлең-жырларын оқып, өздерін таныстыруға мүмкіндік алды. Кездесу соңында Жанұзақ Аязбекұлы ортаға тасталған ұсыныс-тілектің ешқайсысы ескерусіз қалмайтынын жеткізді. Ұйымдастырушылар осындай онлайн-жиындарды жиі өткізіп тұрмақ ниетте.