Жас әнші Нүрила

Баласының бойындағы дарынын байқаған ата-анасы облыстық, республикалық байқауларға өздері жетелеп апарады, оның жолы, киімі, тамағы, бәрін-бәрін өз қалталарынан шығарады, ол үшін ешкімге ренжіген де емес, қайта балаларының жас та болса осындай жетістіктерге жетіп үлгергенін ата-анасы мақтаныш етеді, "оның қуанғаны – біздің қуанғанымыз, сондықтан қызымыздың болашағы үшін қолдан келгенді аямаймыз", – дейді. Нүриланың әкесі Ихсан жеке шаруашылықпен айналысса, анасы Үміткүл Құмкешу ауылының мейірбикесі, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген еңбекқор жандар. Осындай отбасында тәрбиеленіп өскен Нүриланың арманы да болашақта ата-анасының үмітін ақтап, елі үшін еңбек ету. "Теледидардағы әнші аға-апаларымызды көріп, мен де осындай болсам ғой деп армандайтынмын. Сол арманымның орындалып келе жатқанына қуаныштымын. Маған әркез қолдау көрсетіп, жанымнан табылатын ардақты әкем мен аяулы анамның арқасы, сол үшін ол кісілерге айтар алғысым шексіз. Жүректен шыққан ән ғана жүректерге жетеді дейді ғой, мен ән айтқанда өзімді басқа әлемде жүргендей сезініп, өзгеше бір күйге бөленемін. Сондықтан да сахнаға шығып, ән шырқау –мен үшін зор бақыт, болашақта үлкен әнші болсам деген арманым да жоқ емес", – деп өзінің жүрек түкпірінде жатқан сырымен бөлісті жас әншіміз.
Ботакөз ТЕМІРБАЙ.
Аманкелді ауданы.