Көкірекке түйгенім көп

бекзат абдилдинБекзат ӘБДІЛДИН,
Аманқарағай селолық округінің бас маманы.
– Мемлекет басшысы отандық жетекші телеарналардың өкілдерімен сұхбат құрып, небір сұрақтарға жауап берді. Бұл сұхбатты барлық қазақстандықтар қызыға тыңдады деген сенімдемін. Себебі, сұхбат тек бір арнада ғана құрылған жоқ. Әр жастағы тыңдаушы өзіне керек ғибратты алды. Сұхбат менің зейнеткер әкеме де, орта жастағы маған да, кішілерге де қызықты болды. Елдегі саяси ахуалмен қатар Елбасының жеке басына қатысты дүниелер мені қызықтырды.
Бүгінде кітап оқу төмендеп кетті деген ой қалыптасқан. Десе де әркім бір ауық уақыт тауып, кітапқа көз салып жатса жақсы. Мүмкіндігінше, қолым қалт еткен сәтте кітапқа үңілетін әдетім бар еді. Баланы жастайынан оқуға дағдыландыру ата-ананың қо-лында екені шындық. Кітапты жанына серік етуді ұмытқандарға Елбасы үлгі көрсете білді. Ол: "Кітап  оқу  керек, соны әсіресе балалар түсінсе екен деймін. Мен қазақстандықтарға, әсіресе жастарға тағы та айтамын: кітап оқыңыздар! Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның білім деңгейіне байланысты. Кітап адамды жан-жақты дамытады, ой-өресін кеңейтеді" дей келе өзінің қандай кітап оқып жатқанын да айта кетті. Кітап адамның рухани байлығын кеңейтіп қана қоймай бүгінгі жанталасқан тірлікте жанға ерекше бір жайлылық беретіні рас. Тағы бір мені елең еткізгені Елбасы көпшілікті спортпен шұғылдануға шақырды. Өзінің де қандай спортты қалайтынынан құлағдар болып қалдық. Президент тау шаңғысы, үлкен теннис, гольф, атқа мінуді ұнатады екен. "Жалпы, жастардың спортқа ұмтылысы болғаны жақсы, бұл әдет адам бойында өмір бойы қалып қояды. Өзіңді әрдайым бабыңда ұстау керек" деді.
Біз – тәуелсіз елдің жастарымыз. Ел тәуелсіздігін сақтау әр қазақстандықтың міндеті. Елде бірлік пен берекені сақтап қалу әр адамның қолында. "Тәуелсіздік алу бар, оны сақтап қалу бар. Тәуелсіздікті алудан тәуелсіздікті сақтап қалу қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалатын елдің мықты экономикасы, мықты қорғанысы, сауатты азаматтары болуы керек" деп Елбасы әдемі сөздер айтты. Осы сөздерді жастар дұрыс ұғынып, жүректерінде сақтаса екен. "Адамның қандай мамандықты таңдағаны маңызды емес, оны кемелдікке жеткізуге, өз ісінің шеберіне, кәсіпқойына айналуға тиіс. Сонда оны жұрт сыйлайтын, бағалайтын болады. Өмірден ол өз орнын табады" деді. Бұл бүгінде мамандық таңдап, болашаққа қадам басқалы тұрған жастарға сабақ болары сөзсіз. Әр адам өз өмірінің иесі. Ендеше осындай ғибратты сұхбаттардан біздер үлгі алып, керегін көкірегімізге түйе білгеніміз абзал.
Әулиекөл ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓