Тестілеу пунктері дайын
Қостанай облысында биылғы жылы 5 мыңға жуық түлек Ұлттық Бірыңғай Тестілеу тапсырады. Соның 142-сі «Алтын белгіден» үміткер. Түлектер кеші облыс бойынша бір күнге, 15 маусымға жоспарланды. Облыс орталығының түлектері бұл күнді А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың алдындағы алаңында атап өтпек. Тестілеуге дайындық шаралары туралы облыстық білім басқармасының басшысы Бәтима Даумова журналистермен кездесуінде айтты. Былтырғы оқу жылында облыста 4 мыңнан астам бала мектеп бітірген болатын. Соның 89,8%-і отандық жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Сол уақытта техникалық және педагогикалық мамандықтарға білім гранттары көбірек бөлінген еді. Былтыр мемлекеттік тапсырыс шеңберінде техникалық, педагогикалық мамандықтар бойынша жоғары білімді мамандарды даярлауға жергілікті бюджет есебінен 41 грант бөлінген. Ал биыл 200 грант бөлу жоспарлануда.
Соңғы жылдары жастардың ҰБТ қорытындысын талап етпейтін шетелдік жоғары оқу орындарына түсуі белең ала бастаған еді. Осындай қолайсыздықтың алдын алу мақсатында ел үкіметі мен облыстық әкімдік түлектердің отандық оқу орындарын таңдап, туған жерінде еңбек етулеріне барынша жағдайды жасауда.
– Педагогтардың негізі еңбегі ҰБТ қорытындысына байланысты екені даусыз. Біздің түлектер тестілеуді 21,22,23 маусымда тапсырады. Мұндай маңызды іс-шараға түлектердің 66,2% қатыспақ. ҰБТ өтетін барлық 10 пункке балаларды жеткізу жол-патрульдік полициясы мен медицина қызметкерлерінің бақылауымен жүзеге асады. Балаларды тасымалдау және тамақтандыруға жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қаражат бөлінді. Тестілеуге дайындық шаралары мұқият пысықталды. Бізге жалпы орташа балл көрсеткішінің жоғары болғаны маңызды. Сонымен қатар түлектердің қазақстандық оқу орындарын таңдағанын қалаймыз,-деді Бәтима Бексұлтанқызы.
Қымбат ДОСЖАНОВА,
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.