Болашағынан үміт күттірген айым

айым"Бағымды менің жандыра,
Сайрашы қоңыр домбыра". Дәл осындай атаумен Аманкелді ауданы, Үрпек ауылының жас әншісі Айым Маратованың шығармашылық кеші өтті. Айым Абатқызы эстетикалық бағытта жалпы білім беретін Жаңаауыл орта мектебінің 11 сынып оқушысы. Айым кішкентай күнінен бастап әнге, оның ішінде, дәстүрлі әнге құмартып өсті. Олай болуы заңдылық та. Себебі, Айымның анасы Гүлнар Жапарқызы талай айтыстарға, термешілер сайыстарына қатысып, жүлделі болған. Әкесі Абат Мұқышов та өнерден кенде емес, ағасы Айбат Маратов Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының музыка факультетінде 3 курста оқиды. Жақында ғана Алматыда өткен патриоттық әндер байқауына қатысып, "Серілер" тобының жүлдесін жеңіп алды. Осындай өнерлі отбасында дүниеге келген Айымның ән айтпауы мүмкін емес еді. Айым 4 сыныптан бастап қолына домбыра алды. Ең алғашқы ұстазы Жангелді Қожагелді-ұлының жетекшілігімен аудандық, облыстық өнер байқауларының жеңімпазы атанды. 7-сыныптан бастап "Толғау" термешілер үйірмесінің мүшесі, жетекшісі Жұмагүлсім Жетпіс-баева. Өнер мен білімді қатар алып жүрген Айым білім сайыс-тарында да жеңіске жетті. Аудандық "Абай оқуы" байқауының, "Жарқын болашақ" олимпиадасының бас жүлдесін жеңіп алып, облыстық сайыстан 3-ші орынмен оралды. 
Дәстүрлі әндер – ұлттың тарихымен тамырлас, қазақтың өткен өмірінен сыр шертетін қымбат қазына. Киелі домбыраның қос ішегімен үндесіп, астасып жатқан дәстүрлі әнді тыңдаған сәтте,  жүрегің жібімей, көңілің шаттанбай тұра алмасы анық. Айымның шығармашылық кешінен де дәл осындай ләззат алдық. Сахна шымылдығы А.Қоразбаевтың "Елге сәлем" әнімен ашылды. Одан кейін әнші қызымыз Сыпыра жыраудың термесін, Сартайдың термесін, толғаулар, халық әндерімен қатар эстрадалық бағыттағы әндерді орындап, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. "Толғау" терме-шілер үйірмесінің мүшелері, "Сымбат" бишілер тобы өз өнерлерімен кешке сый-тарту жасады.
"Бұлақ көрсең, көзін аш", – деген. Дарынды да талантты жастардың талабын ұштай түсуге ықпал етіп, осындай әдемі кеш ұйымдастыруға қолдау көрсетіп отырған ауыл әкімі Ғалымжан Тұрлығұлұлына және мектеп директоры Таңатқан Ереубай ағайға ауыл тұрғындары дән риза.
Кеш соңында аудан орталығынан арнайы қатысқан қонақтар Айымға ақ жол тілеп, ыстық лебіздерін білдірді. Сонымен қатар ауыл әкімі Ғ.Тұрлығұл-ұлы, мектеп директоры Т.Жұма-байұлы және Айымның сыныптас достары да ақ тілектерін жеткізді. Астанадан арнайы келген Айымның анасы Гүлнар Жапарқызы кішкентай ғана қызының жетістігіне қуанып, тебіреніспен сөз сөйледі. Ақын, сазгер, ұстаз Серік Үмбетұлы тілегін әнші қызға деген арнауы-мен жеткізді. Сондай-ақ жыршы, термеші Өтепбаев Монтай ағамыз жүрекжарды лебізін білдіріп, жас дарынға ақ батасын берді. Осылайша Айымның шығармашылық кеші ақ тілектер мен әсем әндерге толы болды. Әдетте "Өнер – басқа қонған бақ" деп жатады. Олай болса, Айымға сол бақытты бағалай біліп, өнерін одан әрі шыңдауына, биік белестерден көрініп, туған жердің атын шығарып,  халықтың мақтанышына айналуына тілектестік білдіреміз. 
Б.ТЕМІРБАЙ.
Аманкелді ауданы,
Қостанай облысы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓