Ұқсата білсең, ұтасың

IMG_6429Ет пен сүт өнімдерін экспорттайтын елге айналу – алда тұрған жауапты міндет. Бұл туралы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев атап өтті. "Ауыл шаруашылығын қолдау – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Соның арқасында мал саны артып, жаңа технология-ларға қолымыз жетті", – дейді қостанайлық шаруалар. Соңғы үш жылда облыста мал шаруашылығы бойынша ірі 47 инвестициялық жоба іске қосылды. Ал кейінгі екі жылдың өзінде шетелден 10 мың бастан астам асыл тұқымды ірі қара әкелініпті.
Мал сапасын арттырамын дегендерге мемлекет жәрдемін аяған емес. Соның бір жарқын мысалын Федоров ауданындағы "Бек+" сүт-тауарлы фермасынан көруге болады. Ол  "ҚазАгроҚаржы" АҚ қаржыландырған жобалардың бірі. Бүгінде аталған серіктестік астықты өңірдегі мал шаруашылығын өркендету бағытына батыл бет бұрды. Мәселен, 2013 жылы шілде айында облысқа  сүті мол   голштен-фриз тұқымды 612  бас жеткізілсе, сол жылы желтоқсан айында шаруашылыққа мұхиттың арғы жағынан 326 қара мал әкелінді. Ал биыл Қазақ даласына  321 бас асыл тұқымды малдың соңғы легі IMG_6511жеткізілгені есте. Соның бәрі осы "Бек+" ЖШС-нің еншісіне тиді. Жалпы, өз кәсіптерін "тақыр жерден" бастаған федоровтық кәсіпкерлер  айналасы аз ғана жылда асыл тұқымды мал санын 1231-ге жеткізді. Қазір  АҚШ -тан жеткізілген ай мүйізді тұқым Тоғызақ төсінде төлдеп жатыр. Бұл олардың екінші рет  бұзаулауы.         
Жақында аты аталған шаруашылыққа біздің де жолымыз түсті. Серіктестік мамандары  шетелден әкелінген зеңгі баба тұқымының ерекшеліктерін түсіндірді.
– Қазақстанда жем-шөп базасы айтарлықтай емес. Ал бұл тұқым күй талғамайды. Қорегі қандай болса да, сүтінің құнарын жоғалтпайды. Майы да, ақуызы мен тығыздығы да қашанда бірқалыпты. Сүтіміз сапалы, соған сай мемлекет қосымша демеуқаржы бөледі. Әрі сауу да, бағу да оңайырақ. Бәрінің  құжаттары бар, – дейді ферма тынысымен таныстырған  "Бек+"  ЖШС-і атқарушы директоры Степан Тен.          
Иә,  мал бағып өскен аталарымыз: "Сиырдың сүті – тілінде" дегенді бекерге айтпаса керек. Малды қалай күтіп, баптасаң, солай өнім береді. Голштен-фриз тұқымының жаратылысы бөлек. Бұл өзіміз күнде көріп жүрген қара мал сияқты жазда далада жайылмайды. Жыл он екі ай бойы қорада ұсталатын малға құнарлы азықтың қажет екендігі белгілі. Оның үстіне, америкалық IMG_6349сиырлар жем-шөптің өзін талғап жейді. "Біз күніне әр сиырға белгілі бір мөлшерде ғана азық береміз. Мәселен, үш келі шөп, 18 келі сүрлем, он бес келі пішендеме, алты жүз грамм түрлі қоспалар (оның ішінде ақуыз, сода, тұз, бор. т.т) арнайы премикстердің құнары мол, – дейді шаруашылықтың бас зоотехнигі Сәтжан Сағымбаев, – Соның арқасында сауын сиырлар күніне 170 граммға дейін, ал жас қашарлар мен бұзаулар 70-100 граммға дейін салмақ қосады". Оның айтуынша, фермадағы еркек бұзаулардың бәрі туған соң  піштіріліп, бөлек бағылады. Кейін тайынша болғаннан кейін  етке тапсырылады. Биыл "Бек+" серіктестігі еркек малдардың барлығын бірінші рет өткізгелі отыр.
Сәтжан Сағымбаев серіктес-тікте бас зоотехник болып екі жылдан бері жұмыс істейді. Тәжірибелі маман содан бері голштен-фриз тұқымының бар қасиетіне қанық.
– Сонда қорадағы мал ешқашан далаға жайылмай ма?
– Жоқ. Жыл он екі ай бойы осында. Өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой, бұлардың күтімі бөлек. Дегенмен, келесі жылдан бастап фермадан 500 басқа арналған бой жазу алаңын салмақшымыз.
Шаруашылық фермалары түгел неміс жабдығымен қамтамасыз етілген. Тезегіне дейін тоқпен тазартылады. Серіктес-тікте барлығы 48 адам жұмыс істесе, соның алтауы ғана сауыншы. Олар екі бригадаға  бөлінген. Алғашқы сауын таңғы бестер шамасында. Кейінгі бригада кешкі алтыда жұмысын   бастайды. Қалай десек те, үш  сауыншы бір мезетте  730 сиырды сауып үлгереді. Оған еш таңданудың қажеті жоқ. Мұндай тәжірибе әлем елдерінде бұрыннан бері қалыптасқан. Сиырлар компьютерленген құрылғымен IMG_6478сауылады. Техника тілін меңгерген мамандар сүт сауу процесін компьютер арқылы бақылап тұрады. Америкалық әр сиыр 40 литрге дейін сүт береді. Сүті құнарлы әрі майлылығы жоғары. Ал мұндағы сиырлардың күндік көрсеткіші 21 литрден айналады.
Заманауи фермалар  қол күшін аса қажет ете бермейді. Мал шаруашылығының дамуына айрықша ден қою үшін, міне, осындай  қондырғылар қажет. Алайда, облыстағы қара мал өсірумен айналысатын кәсіпкерлердің барлығы мұндай тәуекелге бара алмай отыр. Әуелі, табыс көлемін ұлғайтып алған жөн. Ол үшін асыл тұқымды мал өсірудің тиімділігі сезілді. Сондықтан, өнімділігі әлденеше есе жоғары мүйізді ірі қара шетелдерден тасымалданды. Әрине, алғашқыда әркім малды өз қалағанынша әкелді. Сөйтсе де ақша шығындап әуре-сарсаңға түскенше жүздеген басты бірден сатып алуға мүмкіндік туды. Бұл жоба кейін өз-өзін толық ақтады.
Осыдан екі жылдай бұрын "Бек+" ЖШС-і  әлеуетті жобаны қолға алғанда алғашқылардың бірі болып қолын созған  "ҚазАгроҚаржы" АҚ еді. Қазақстанның агроинвес нарығындағы негізгі қаржы операторының қостанайлық фермаға салған үлесі 2 млрд.700 млн.теңге. Бұл қаражат ҚР Ұлттық қорынан  жылдық алты пайызбен берілді. Қалған 300 млн.теңгені  инвесторлар өз қалтасынан шығарды. Барлығы 3 млрд.теңгеге бағаланған сүт-тауарлы ферма бас-аяғы бірер жылда соңғы технологиямен жабдықталды. Өкінішке қарай, мұндай фермалар елімізде саусақпен санарлық.
Алдағы екі-үш жылда   кәсіп-орын жылына 7000 тонна сүт  саууды межелеп отыр. Үстіміздегі жылы ферма жоспар бойынша 2200 тонна сүт өндіруі тиіс еді. Бұл жоспар жыл аяқталмай жатып артығымен орындалды. Өткен 1 қазандағы мәліметтер бойынша шаруашылық 2785 тонна сүт сауып, тапсырды. Сөйтіп, жобалық қуатты еңсеру жолында  жоспарды 169 пайызға орындап үлгерді.
Шаруашылық сүт өнімдерін алысқа апармайды. Рудный қаласындағы "Лидер", "Космис" фирмаларына тапсырады. "Сүтке сұраныс жоғары. Өндірген өнімді ұқсату жағынан еш алаңдық жоқ", – дейді шаруашылық жетекшілері.
IMG_6521Жалпы, еліміз әлі күнге дейін сүт және сүт өнімдерін сырттан тасымалдайтыны жасырын емес. Өйткені, халықтың сұранысын толық өтеуге "Бек+" тәрізді бірең-сараң ғана кәсіпорындардың қауқары жете бермейді. Сондықтан, Қазақстанда дәл осындай ауқымды жобалардың қатарын көбейту күн тәртібінен түспек емес.
– Негізі, сүт-тауарлы фермаларын салу және жаңғырту тек қана "ҚазАгроҚаржы" АҚ арқылы ғана қаржыландырылатынын айта кеткен жөн. Бүгінгі таңда компания сүт өндіру саласында жалпы құны 38 млрд.теңге болатын 33 жобаны мақұлдады. Соның 27 млрд.теңгесі  компанияның үлесіне тиеді. Біздегі сүт-тауарлы фермалар жылына 150 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы. Мұны енді болашақтың еншісіне қалдырайық, – деді бізбен әңгімелескен "ҚазАгроҚаржы" АҚ Қостанай облыстық филиалының директоры Нұрлан Қапсаматов.
Айбек 
   КӘДІРҰЛЫ
Федоров ауданы.
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓