“Катюшаны” тізгіндеген жас қазақ баласы
Сонау сұрапыл соғыс еліміздің әр отбасын айналып өтпегені бүкіл жұртқа мәлім. Сол соғысқа менің әкем 1942 жылы небары 18 жасында өз еркімен сұранып аттанған.
1942 жылы Чебоксар қаласында 2 айлық кіші командирлер даярлайтын орталықта дайындықтан өтіп. Великие Луки түбіндегі шайқасқа кіріп кетеді. Көп ұзамай неміс самолеті шабуылының астында қалып, роталары қырылып қалады. Сол шабуылдан бас аяғы 5-6 солдат аман қалған. Содан әкемді, қасындағы қалған солдаттарды, вагонға тиеп Мәскеуге әкеледі. Бұл жерде "Катюша" қаруымен танысып, оқиды.
1943 жылдың желтоқсан айында "Катюшаны" қабылдап алған.
Брянск орманы арқылы Ресейдің 17 қаласын, Беларуссияның Орша, Витебск қалаларын азат етіп. Литва жеріне барып, Вильнюс, Каунас қалаларынан фашистерді қуып шығып, Польша т.б. батыс елдерін азат етіп, Берлинге 35 шақырым қалғанда Жеңіс тойын сол жерде қарсы алған.
Одан кейін әкемнің дивизиясын кері қарай қайтарып, олар жапон милитарис-терінен азат етуге аттанады. Монғол елі арқылы Қытай жеріне тамыз айында кіріп, қазан айының аяғында толық азат еткен. "Сондағы жапон жанкештілерінің іс-әрекеттеріне әрі күнге дейін қайран қалам", – дейді қарт майдангер.
Соғыс аяқталды, енді елге қайтам деп қуанып жүргенде, екі жыл әскери борышыңды өтейсің, деп тағы қалдырып, Чита қаласында 1947 жылдың тамыз айына дейін Отан алдындағы борышын өтейді.
Қазіргі кезде 90-нан асқан ардагер Арқалық қаласында тұрып жатыр. 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, олардан 18 немере 28 шөбере сүйіп отыр. Шешеміз екеуі 62 жыл бірге өмір сүрді. Осы кезге дейін әлі майдандас командирлері мен достарын ұмытпаған. Аты-жөндеріне дейін есінде.
Бір таңғалатыным, сол кездегі цифрлардан,қала аттарынан жаңылыспай қазіргі күнге дейін айтып отырады. Зердесінің мықтылығына таң қалам.
Мен осындай әке болғанына мақтанамын.
Ж. ҚАМАЛОВ,
мұғалім.
Атбасар ауданы,
Ақмола облысы.