Жаны жайсаң еді
Тосыннан тиген суыт хабарға қай-қайссымыз да есеңгіреп қалдық. Ойда – жоқ жерде бекзат мінез, жаны жайсаң Бекқұл Садықұлы замандасымыз пәниден бақиға аттанып жүре берді. Ойда-жоқ дейтініміз -жылы да жұмсақ күлімсіреген жүзі, биязы мінезімен тәнті етіп, айналасын бір бекзаттық болмысымен баурап жүргені күні кеше, көз алдымызда. Әсіресе, таяуда ғана таутұлға Дінмұхаммед Қонаев қорына төраға болысымен-ақ, жаңа қызметтің шырайын ашуға бар жанын салып, тыным таппай зыр жүгіріп еді. Пайда ойламай, ар ойлаған Бекеңнің осы орайдағы асқартау арманы да көп болатын..
Бекқұл Садықұлы облыстың су шаруашылығына елеулі еңбек сіңіріп, елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Ол 37 жыл бір лауазымда – Тобыл-Торғай бассейні су шаруашылығы басқармасының бастығы болды.
Бекеңнің басқалардан айрықша бір қасиеті – қан туысқандардан артық, жан туысқандарын көп тапқан шынайы парасат иесі еді. Үлкенге іні, кішіге аға бола біліп, қимас дос-жаран, аяулы замандастарының ортасында жүрді. Бекқұлдың кісілігі – кішіпейілдігі мен сыр мінезділігі. Сыйлай да, сыйласа да білетін. Арына құл, абзал жанның осындай асыл қасиеттері азаматтық тұлғасын қашанда асқақтатып тұрды. Ол – Қостанай қаласының құрметті азаматы. «Жақсы адам – ел ырысы» деген осы болса керек.
Абзал жан осынау ғұмырында емхана, аурухана дегенннің есігін ашпаған, салауатты өмір салтымен ғұмыр кешіп, жетпістің асуынан асса да сәйгүліктей зауылдап, жаяу жарыстың жуан ортасында жүретін жүйрік еді. Осындай күйін көргенде, Бекең құдай қаласа, жүз жасайтын шығар деп ойлайтынбыз, әрі өзі де жайдарлы қалпымен осылай дейтіні бар еді. Бірақ жазмыштан озмыш жоқ екен. Тағдырдың жазуы басқа болды.
Ендігі бір ғана медет – Бекқұлдың жайсаң жаны бізде, жақын замандастарында қалды.
Бақұл бол, пейіште нұрың шалқысын!
Бір топ жолдастары, бауырлары:
К.Укин, В.Семенова, Т. Шоланов, Ғ.Ахметчин, Қ.Орманов, Б.Сағындықов, Қ.Жақыпов, Ж.Райымқұлов, Ж.Төлебаев, Ж.Аязбеков, С.Меңдібаев, Н.Бакридинов, Н.Кикебаев, О.Жақсанов.
Бекқұл Садықпен қоштасу 2014 жылғы 23 желтоқсанда сағат 11-00 де « Марал Ишан» мешітінде болады.