Сахнада– “Ақ дариға”
Облыстық Ы.Алтынсарин мұражайында ақын, журналист Ғайнижамал Бердалинованың жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Туынды "Көк тудың желбірегені" деп аталады.
Кітапта жергілікті "Ақ дариға" қазақ хорының тарихы және оның мүшелері туралы естелік очерктер жазылған. Аталмыш хор осыдан 18 жыл бұрын құрылған. Жетекшісі – Түлкібек Рысмағамбетов. Топта ақ жаулықты әжелер мен аталар бар. Олардың алды сексенде, кейінгілері елу жаста. Ата-әжелер домбыраға қосылып, халық әндерін орындайды. Бұл хор еліміздің мәдениетін, ұлттық өнерін кейінгі толқынға насихаттау мақсатында құрылған еді.
"Ақ дариға" хоры туралы кітаптың баспадан шығуы, дәлірек айтқанда, жазылуы өзінше бір әңгіме. "Көк тудың желбірегені" деп аталуының өзінде үлкен мән-мағына бар. Ғайнижамал апайымыз қыс мезгілінің қақаған бір күнінде сақылдаған сары аязға қарамастан қаладағы орталық алаңда ән салып тұрған топты көреді. Оюлы шапан киген аталар мен қамзолды әжелер "Көк тудың желбірегені" атты әнді ерекше тебіреніспен орындайды. Осынау көрініске жүрегі елжіреген ақын апамыз әнші топқа қызыға да қызғана қарайды. Асқақ әннің құдіреті мен ата-әжелердің рухты әрекеті ақын апамызды бей-жай қалдырмаса керек. Бұл оқиғадан соң автор ерекше шабыттанып, кітап жазуға кіріседі.
– Хор мүшелерінің ұлттық әнді сызылта орындауы, домбырада ойнауы, патриоттық сезімдері менің ойыма қозғау салды. Бұл кісілердің әрқайсысымен сөйлесіп, сырласуға құмарттым. Осылайша хордың күнделікті дайындығына барып жүрдім. Кейін олар маған өздерінің шығармашылықтары туралы естеліктер айтып берді,– деді Ғ.Бердалинова.
Ақын апамыз хор мүшелерімен дидарласа келе құнды деректерді қолға түсіреді. Нәтижесінде, шап-шағын, жып-жинақы кітап оқырманға жол тартты. Деректі еңбектің атауы хор мүшелерінің арман-тілегімен астасып жатқандай. Себебі, "Ақ дариға" хорындағы ата-әжелер қазақтың көк туы биікте желбіресін деп тілейді.
Қымбат
ДОСЖАНОВА
Суретте: кітаптың авторы Ғайнижамал Бердалинова.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.