Ғимарат талапқа сай емес, жабдықтар да ескі
дейді психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің мамандары
Осыдан он екі жыл бұрын елімізде "Кемтар балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" заң қабылданған болатын. Бұл заң кемтар балаларды әлеуметтік, медициналық, психологиялық-педагогикалық түзеу арқылы қолдап қана қоймай, дамуында кемістігі бар балаларға көмек көрсетудiң тиiмдi жүйесiн жасауға, оларды тәрбиелеу, оқыту, еңбекке және кәсiби даярлау iсiмен байланысты проблемаларды шешуге, балалар мүгедектiгiнiң алдын алуға бағытталған. Міне, осы заң қабылданғаннан бері аудан орталықтарында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері, мектептерде түзеу сыныптары, балабақшаларда түзеу топтары, елді мекендерде логопункттер жұмыс жасауда…
Әулиекөл ауданындағы психологиялық-педагогикалық кабинет те 2003 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұнда сөйлеу, көру, есту қабілеті, тірек-қозғалыс аппараты, эмоциялық-еріктік саласы бұзылған, оқуында, қарым-қатынас жасауда, мінез-құлқында қиыншылықтары бар балалар мен жасөпірімдерге психологиялық-педагогикалық түзеу және оңалту түрінде кешенді көмек көрсетіледі. Түзету кабинеті директорының міндетін атқарушы Наталья Шарованың айтуынша, бүгінде мұнда 55 бала мамандардың көмегіне жүгінуде. Олар-ға логопед, психолог, дефектолог, әлеуметтік педагог, денешынықтыру-емдеу мамандары медициналық және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетеді.
– Бізге көбіне тіл мүкістігі бар, ақыл-есі кеш дамыған, есту қабілеті төмен, сал ауруына, аутизмге шалдыққан, дауна дертімен туған балалар келіп, ем алады. Оларға аптасына кесте бойынша екі рет медициналық, психологиялық әрі педагогикалық көмек көрсетіледі. Мен өзім денешынықтыру-емдеу маманы болғандықтан, осы бағыттағы емдеу жұмыстарымен де айналысамын. Көбіне сал ауруына шалдыққан (ДЦП) балалармен жұмыс жасаймын. Оларға жаттығу жасап қана қоймай, йогамен айналысуға да көмектесемін. Себебі, мұндай диагнозбен туылған балаларға йоганың берер көмегі көп. Бізге келіп ем алып жүргендердің арасында ешқандай қимыл-қозғалысы жоқ, төсекке таңылған балалар да бар. Әрине, бірде-бір курсты қалдырмай, уақытында келіп жүрген балалар құлан-таза айығып кетпесе де, нәтижелерін көрсетіп жатыр. Қасық ұстаса да, мұндай сырқат бала үшін ол үлкен нәтиже болып табылады. Ал, жеңіл кемшілігі бар балалар көп жағдайда бір жылдың ішінде-ақ айығып кетіп жатады. Мұнда 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер диагнозы мен жасына қарай белгілі бір уақыт бойынша ем қабылдайды. Тек, ата-аналар балаларын қалдырмай, уақытылы әкеп жүргенде ғана нәтиже болатындығын түсінсе екен, – дейді Н.Шарова.
Кабинет мамандарын толғандырған басты проблема – ол ғимараттың талапқа сай келмеуі. Олар отырған екі қабатты ғимараттың бірінші қабатында қам-қорсыз балаларға арналған баспана мен интернат орналасқан. Ал, екінші қабатта отырған бұлар үшін науқас балаларды көтеріп, мінгізу қиямет-қайым көрінеді. Әсіресе, арбаға таңылған балаларға оңай емес. Талап бойынша мұндай кабинеттер бірінші қабатта орналасуы тиіс. Бұл мәселені кабинет мамандары жергілікті билікке де бірнеше рет құлаққағыс қылған екен, бірақ әлі күнге дейін еш нәтиже болмай отыр. Мамандар бұған қоса, қабинеттің тренажерлары мен спорттық құрал-жабдықтарының да тым ескіргендігін, ал оны жаңартуға қаржы тапшы екендігін айтады.
– Бізге бір жылға бюджеттен 8 млн. теңгедей қаражат бөлінеді, оның өзі мамандардың еңбек-ақысы мен ғимаратқа төлейтін коммуналдық төлемдерден артылмайды. Жаңа тренажерлар сатып алайын десек, олардың құны шарықтап тұр. Биыл екі жүз мыңдай қаражат артылған еді, ол мұндай заманауи жабдықтар сатып алуға жетпейді де, сондықтан азын-аулақ болса да спорттық жабдықтар сатып алсақ дейміз. Кадр тапшылығы да басты проблемаларымыздың бірі. Бүгінде балалар невропатологы мен әдіскер жоқтың қасы. Дегенмен, жергілікті билік бізге ең алдымен ғимарат мәселесін шешіп берсе екен, – дейді Наталья Шарова.
Иә, бүгінде елімізде Елбасының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан анағұрлым көп көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде ата-аналар науқас балаларын үйде оқытқаннан гөрі осындай түзету мекемелеріне әкелуге ұмтылуда. Әрине, көпшілік ортаға келгеннен кейін ондай балалардың өмірге деген құлшыныстары мен ынталарының артары да сөзсіз. Сол себепті, мүмкіндігі шектеулі балалардың тәрбиесін тасада қалдырмай, оларды тағдырдың тәлкегінен құтқару, жанына жылылық сыйлап, жүрегіне шуақ шашу әр адамзаттың парызы. Сондықтан, әулиекөлдік шенеуніктер де бұл балалардың тағдырына бей-жай қарамай, мамандардың талап-тілегіне құлақ асып, ғимарат мәселесін шешіп береді деген үміттеміз!
Қарлығаш
ОСПАНОВА
Әулиекөл ауданы.
Суреттерде: Наталья Шарова, орталық мамандары балалармен жұмыс істеуде.