ҰЯБАСАР (Қаз-қалпында)

Ayazbekov_2_1Сағат кешкі жетіде  үйге кірген Сәрсеннің қалың қастары бір-бірімен түйісіп, қабағы түксиіп кеткен екен. Инара күйеуін бірден түсіне қойды. Еш өзгеріс жоқ.  Қаражат таппаған. Екі жарым жасар ұлы Тұңғыш та әкесінің мойнына асыла кетуге құлқы соқпайтындай. Инара күйеуімен оңаша қалғанда  сөз  бастады:
– Жасым  23 те. Түсік тастаған немесе аборт жасатпағанымды білесің. Бойым 160, салмағым  60. Қаным тобы 4 (+). Денсаулығым жақсы, ақыл-есім түзу.  Мен  бүгін  суррогат  ана ретінде бала туып беруге келісіп келдім, – деді, сенімді үнмен, күйеуінің көзіне қадала қарап. Сәрсен әйелінің бұл тосын шешіміне таңғалмады. Осылай болу керек сияқты қалыпты, байсалды қабылдады. Пәтері – ипотека. Ай сайынғы балабақшаға төлейтіні бар. Екеуінің тапқан-таянғаны ас-суынан артылмайды,  киім-кешегіне жетпейді. Әбден жүйкесі жұқарған еді.  Еш көмектің реті жоқ, бәрін тастап, бәрінен безіп, ауылға кетсем бе деп те ойлап қойған.
–  Қаншаға?
– 25 мың доллар. Менің түр-әлпетім бағасына сай болып шықты. Босанғанға дейін мен жұмыс істемейтіндіктен, ай сайын 100 мың теңгеден беретін болды. Аяқ астынан төтенше жағдай туса, ауруханаға түсіп қалсам да, ақысын төлеуге келісті. Ал Тұңғышжаныма серікті одан кейін тауып беремін, – деді, қас-көзі қиыла күлімсіреп. Сәрсен ризалығының белгісі ретінде келіншегін бауырына басты…
…Инара құрсағы баланы тура тоғыз ай, тоғыз күнге дейін жақсы көтерді. Құдай сәтін салып, Инара торсық шеке ұл тапты.  Тапсырыс  берген перзент иелерінің  қуанышында шек жоқ. Баланың зары өтсе керек,  25 мың доллардың үстіне көлік  гаражын қоса сыйлады. Олар сәбиін құшақтап, Қостанайдан біржолата белгісіз бір жаққа көшіп кетті. Ең бастысы, кетерінде енді бірін-бірі  көрмеске,  білмеске ант берісті. Сәрсен мен Инара болса ипотекадан құтылғанына қатты қуанды. Бір ауыр жүк   иықтан түсті.  Тіпті Инараның  үнемшілдігінің  арқасында  базардан арзандау шетелдік жатаған көлік те сатып алды.
Бір сенбіде  Сәрсен мен Инара отбасы қуанышын ата-анасымен бөлісуге ауылға жиналды. Түс кезінде Тұңғышын алып үлкен жолға  шықты.  Рульде Инара,  жүздері бал-бұл жайнап келе жатқан. Кенет, қыр астынан қарсы шыққан бір "джип" қас пен көздің арасында туар бетпен-бет келіп бұларды соқты да кетті…
Көліктегі  Сәрсен  мен  Инараның  көрер жарығы бар екен – тірі қалды. Бірақ екеуі  де қол арбаға таңылды. Ал жалғызы.. Тұңғышы… балғын денеге  қатты соққы тиген.  Үш күн бойы жансақтауда есін жимастан дүниеден озды… 
Дәрігерлер Инараның апат зақымынан енді қайтып бала көтере алмайтынын әл-әзір айтқан жоқ…
Жанұзақ Аязбеков
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓