Еркіндік – елдігімнің тірегі
Л.Толстой атындағы облыстық кітапханада "Тәуелсіздік – елдігімнің тірегі" атты мерекелік кеш болып өтті. Кітапхана залына мектеп оқушыларынан бастап Қостанай гуманитарлық колледжі студенттері, ҚР ІІМ Қостанай академиясының курсанттары, БАҚ және бір топ зиялы қауым өкілдері жиналды. Кеш әдеттегідей Әнұранмен басталды. Жас өнерпаздар ән шырқап, жүректен шыққан жалын-жырларымен бөлісті. Жас күйші Олжас Ысқақов домбырасымен күй күмбірлетті. Құрметті қонақтар ҰҚК ардагері Ғ.Мәулетов, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Б.Көпеш жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, тәу етер киеміз тәуелсіздігімізді құрметтеп, Қазақстанның жеткен жетістіктерін би-іктен түсірмеуге, білім мен мәдениетпен қаруланған азаматтар болуларына шын ниеттерін жеткізді. "Барлығымыздың, аға ұрпақтың бүгінгі мақсаты – жастарға тәлім-тәрбие беру, дербес еліміздің дамуына өз үлесімізді қосу. Бір шаңырақ астында бірлікте өмір сүру арқылы ғана жетістіктерге жете аламыз", – деді ақын, ұстаз Ғайнижамал Бердалинова. Ол кісі өзінің қаламынан туған "Нұрлы жолға арнау" атты жырын көпшілікке тарту етті.
Кеш барысында еліміздің тәуелсіздік шежіресі және "ЭКСПО–2017" халықаралық көрмесі жайлы бейнебаян көрсетілді. Сондай-ақ облысымыздың өнерлі жастарының жетістіктері туралы жасалған слайдтар тізбегі мерекелік іс-шараның сәнін келтірді. Кеш соңында кітапхана ұжымы ұйымдастырған "Тәуелсіздік желтоқсаннан басталады" атты кітап көрмесі тамашаланды.
Қасқырбай Қойшыманов.