Ескерткіштер елдің мүлкі
Қала әкімі Қайрат Әбішев көпшілік демалатын орындарды аралап, ашық аспан аясында тұрған ескерткіштердің күтіміне назар аударды.
Орталық саябақтағы бабалар ерлігін дәріптейтін "Даңқ аллеясының" кейбір жерлерінің қабырға тастары және қанатты сөздерінің әріптері түсіп қалған. Бейберекет тасталған қоқыстар да ерлікке тағзым ететін жердің сыйқын кетіріп тұр.
Өкініштісі табиғат тарапынан болатын залалдардан гөрі, адам қолымен жасалатын келеңсіздіктер басымырақ. Әйтпесе, бұл жерге өткен жылы ғана қомақты қаржы бөлініп, жөндеу-жаңарту жұмыстары жүргізілген болатын.
"Демалыс саябағы", "Жастар саябағы" деп аталатын көпшіліктің демалып-тынығуына арналған орындардың да бірқатар жерлерінің шамдары шағылып, орындықтары опырылып қалыпты. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов алаңқайындағы бюст тұғырының ірге плиталары да бүлінген.
Қайрат Тынымбайұлы тиісті сала басшыларына қираған дүниелерді қалпына келтіріп, халық демалатын орындарды айрықша күтімде ұстау керектігін тапсырды.
Мұрат
ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы.