Ахаң мен Жақаңның жалғасындай

Ұлт зиялысы Қоғабай Сәрсекеев туралы сөз
Сұңқар ең, тұлпар еді қаламың да…
Қоғабай Сәрсекеевке
Бастаса кісілікке әр қадамың,
Қуат,
Шуақ,
Сыйлаушы ең жанға жалын.
Ерлігің-"Айқапты" елге аялатып,
"Қазақты" ғұмырлы етіп жалғағаның.
 
Жақындап қалған сәтін бұл ажалдың,
Сездіңіз,
Айтқанда өзің жылап алдым…
Өлмеуге тиіс еді
Жалғаған жан
Қызметін Ахметтей ұлы адамның.
 
Бұл қалай кейінгіге болмайды үлгі
Мәңгіге ұмытпайды ел сол қайырды!
Туыстар, дос- жарандар қайғы жұтты,
Алматы, Астана мен Торғай мұңды.
 
Қаланың, жоғын іздер даланың да,
Асылға,
Не жетеді адал ұлға?!
Қоғамның кемшілігін көре білген
Сұңқар ең,
Тұлпар еді қаламың да!
Халқыңның бағы еді ғой басты арманың,
Жабырқап жүргеніңмен жасқанбадың.
Биіктен әлі талай көруші едік,
Алынбай қалды-ау небір асқарларың!
 
Қашанда сізді көрсем жаным жылып,
Басқаның етуші едім бәрін де ұмыт.
Жүр енді Торғай жаққа барғым келіп,
Күндерім соңыңа ерген сағындырып.
 
Көңілде болмайтын қыс, болмайтын күз,
Арманның қанатында самғайтынбыз.
 
Жигули арғымағы астымызда
Алматыға Торғайды жалғайтынбыз.
 
Ағасы, қалды сол бір ауылың аулақ,
Ұзадың Алматыға тауды жалғап.
Сыйластық қиымастықты оятты да
Ауырды жүрек сыздап, бауырым аунап.
 
Ел жұртың, барда Алматы, Торғай-Абыз,
Әр ісің қалмасы анық болмай аңыз.
Тірілтіп талай-талай Қоқа, Сізді,
Алладан иман тілеп қол жаямыз.
              Серікбай Оспанұлы.
 
IMG_2115Сәлім МЕҢДІБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
Қостанай қаласының құрметті азаматы.
 
Қазақ халқының әргі-бергі тарихында, оның ішінде баспасөз тарихында, "Айқап" жорналы мен "Қазақ" газетінің алар орны тым ерекше.Бұл басылымдар ұлтымызды өркениет төріне бастаған бұқаралық ақпарат құралдары еді. "Айқапты" Мұхаметжан Сералин сияқты кәсіби журналист шығарса, "Қазақты" Алаш арыстары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов дүниеге әкелген еді.
Кешегі патша үкіметі мен жаңа ғана құрылған Кеңес үкіметіне де бұл басылымдар ұнаған жоқ, ақыры оларды жауып тынды.
Тәуелсіздік алған шақта сол басылымдар халқымен қайта қауышты. Сол атауларымен, сол бұрынғы ұстанған бағыттарымен Қазақ елінің ақпараттық  кеңістігінен ойып тұрып, өз орындарын алды. Мұндай көзсіз ерлікке барып, жаңа жобаны жарқырата жүзеге асырған біздің жерлесіміз, кешегі Ахаң мен Жақаңның жал-ғасындай болған Қоғабай Сәрсекеев еді.
Қоқаңды Қостанай, Торғай жұртшылығы, қала берді бүкіл ел, дүйім жұрт жақсы біледі.
Оның алғашқы әңгімелері 1950 жылдардың ортасынан бастап шыға бастады. "Кілт" (1967), "Қараша Қаздар" (1974) деп аталатын  әңгіме-повестер жинағы жарық көріп, әдеби ортаға тез танылып, сыншылардан жоғары баға алды. "Қол мерген", "Кестелі орамал", "Ыбырай Алтынсарин", "Мұнлық-Зарлық", "Фатима", "Ашудас", "Сарбаздар" сияқты пьесалары республикалық театрларда қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Халық батыры А.Иманов туралы романының алғашқы бөлігі 1979 жылы, жалғасы саналатын "Заманақыр" кітабы 1990 жылы "Жазушы" баспасынан, орыс тілінде "Смута" деген атпен "Жалын" баспасынан жарық көрсе, "1937 жыл" дейтін әңгімелер жинағы 1998 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеке кітап болып шықты. "Жол үстіндегі әңгіме", "Ұлы ұстаз немесе Ахмет Байтұрсынов жайлы ой түйін", "Портреттер", "Үш арыс", "Үш таным", "Өзге емес өзім айтам өз жайымды" деп аталатын әңгіме-эсселері тынымсыз еңбегі мен қажыр қайратының анық белгісі.
IMG_2118Қоғабай Сәрсекеев Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Қостанай, Торғай қалаларының Құрметті азаматы. Халықаралық ақпараттану академиясының, Халықаралық Еуразия академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Ха-лықаралық "Алаш" әдеби сыйлықтың лауреаты, Францияның "SPI" алтын медалі мен Халықарлық ақпараттану академиясы алтын медалінің иегері.
Қоқаңмен кездесіп, пікір алысқан, оның пәтуалы сөзін тындаған сәттер ешқашан ұмытылмас. Ағамыз өзі басқарып, шығарып отырған "Қазақ" газетіне менің академик Өмірзақ Сұлтанғазин, төтенше және өкілетті елші Мәлік Фазылов туралы жаз-ған эсселерімді, басқа да материалдарымды жариялап, халыққа таныстырып еді.
Қостанайға бір келгенде редакцияға соғып, "Қазақ" газетінің алдағы жоспарымен бөлісіп еді. Мен сыйлаған "Мөп-мөлдір дүние" атты кітабымды ризашылықпен қабылдап, оң пікір білдіргені бар.
Сол жолы ақын Ақылбек Шаяхмет   үшеуміз ескерткішке суретке түскен едік. Сол суретті жариялаудың да бүгін сәті түсіп тұр. Әттең, қатігез ажал жазушы-журналист ағамызды ортамыздан алып кетті. Бірақ ол еліне адал қызмет істеп, айтарын айтып, жазарын жазып кетті. Көңілге медет де осы.
СуреттеРДЕ: Қоғабай Сәрсекеев және ол жазушы-журналист інілері Ақылбек Шаяхмет және Сәлім Меңдібаймен бірге.
(Сурет 2008 жылы түсірілген).
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓