Әркімнің бір ойы бар…

Жуырда "Қостанай таңын" оқып отырып, Дамир Әбіш ініміздің "Әзіл-қалжың, сын-сықақ" мүйісіндегі "Быды-быдысына" көзім түсті. Ондағы әңгіме  қылып отырған балалар шығармашылық үйі алдындағы "түрсіз шалды" автобуспен өтіп бара жатып мен де көріп: "Сұмдық-ай, мынау кімнің мүсіні, өзі қалай түрсіз, бұл жерге қалай орнат-қан", – деп  ойлағанмын. Жақын арада тағы көріп: "Мына ерсі  көріністі алғызып тастайтын адам болмағаны ма?", – деп қынжылдым. Сол "шал да", саябақтың ортасындағы шалқиып жатқан "қазақ та" өзгерместен әлі тұр. Мен көргенде бұл "қазақ" жалғыз емес еді.  Былтырғы жылдың жазында өтіп бара жатып көргенмін, қасында еңгезердей жұмсақ  ойыншық – қара аю отыр. Оны да тақыр жерге шаң-тозаңның, брусчатканың үстіне отырғыза салған. Сол жерде аюмен балалар суретке түсіп жатыр. Бірақ, мен жәй өткенім жоқ, суретшіге ескерту жасап өттім. Астына кілемше төсеп, ертегідей алдына үлкен қасығымен, құмырасын қойса, балалар жанына жайғасып суретке түсіп жатса, мүлде басқа әсер берер еді. Қазір орталықтағы осы демалатын паркте неше түрлі, түрсіз, балшықтан жасалынған "мүсіндер" дейміз бе, көбейіп кеткен.  Тіпті, Л.Толстой атындағы кітапхананың алдында да "жаман шал" тұр.   Парктің ішінде екі-үш осындай ұсқынсыз адам тұр. Олар кімдер? Адам да емес, маймыл да емес. Неге бұлай көбейіп кеткен? Тіпті қаланың сәнін келтіріп тұрған жоқ қой.  Эстетикалық талғам деген қайда?
Дамир інім, сізге рахмет! Осы сыныңыздан кейін көп ұзамай оғаш көріністер енді көрінбес деп ойлаймын.  Олай дейтінім, осыдан бірер жыл бұрын "Ойбай" деп аталған бір кафені көріп, "Жұрт ойына не келсе соны істейтін болған ба?" – деп ойлағанмын. Артынан Сәлім Меңдібаев ініміздің осы  туралы сын-мақаласын оқып, риза болып қалдым. Мазмұны былай (мүмкін дәл жазып отырмаған болармын) "…Бұл не? Жұрт ойбайлап отырып тамақ іше ме?" депті. Содан кейін аты өзгеріп,    "Барыс" кафесі деп аталады. Айтайын дегенім: "Әй дейтін әже жоқ, қой дейтін қожа жоқ" мынау заманда  ауыздық бола білген азаматтарды мақтан етемін.
Әр нәрсенің өз жөні бар. Мысалы, кезінде Ы.Алтынсариннің мүсінін тұрған жерінен  алып кеткенде әркім әртүрлі ойлар айтып және "Қостанай таңына" жазып та жүрді. Өзім болсам, олай-бұлай жанынан өтіп жүргенде атамыздың осы тұрысын оғаш көруші едім. Қыздар жатақханасының әйнегінің алдында тұрған бұл мүсінде эстетикалық талғам, қамқорлық көрініс болмайтын. "Ең құрып кеткенде жан-жағына гүл егетін қара жер қалдырып, оюлаған сәнді темірден  неге шартақ қойылмаған, сонда басқаша сәнмен тұрар еді ғой", – деп ойлайтынмын. 1976 жылы осы Ы.Алтынсарин мектебіне мұғалім-тәрбиеші болып келгенімде атамыздың өз қолымен  салған мектебі болғанын және де мынау үш  қарағайды да сол  кісінің өз қолымен еккенін естігенмін. Мектепті сыдырып тастады, ал мынау үшеуі өзі еккен қарағайдан қалғаны дейтін. Қазіргі сити-орталығы орнағанда бұл қарағай да  түп тамырымен қопарылып тасталды. 
Қазір Ы.Алтынсарин мүсіні өзінің ұрпақтары еккен көп қарағайдың ортасында мектептің ауласында тұр.  Ал, атамыз болса, бұрынғыдай сыртта мүлгіп тұрған жоқ, қайнаған ортаның арасында өзіне жан біткендей,  ұрпақтарын күні-түні көріп тілдесіп тұрғандай. Оларға:
"Бір Аллаға сиынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге,
Ықыласпен тоқылық…" деп,  бір Алласына сиынып қолындағы кітабын ашып, дәріс беріп тұрғандай. Тіпті мектепті әлдеқашан бітіріп кеткен ұрпақтарына да: "Әуелі маған сәлем беріп,  сосын мына қара  шаңырақтарыңа  бас сұғып шықпайсыңдар ма?" – деп шақырып тұрғандай.
Сондықтан жұрт не десе, ол десін, жүрекке жылы осы көрініс өзіме әбден ұнайды.
Бибіш Рахымжанқызы,
қарт ұстаз.
Қостанай қаласы.
 
 
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓