Акция жаңа кітаптар алуға жол ашты
"Қазан қаласы түрік әлемінің мәдени астанасы–2014" жылы аясында Татарстанның республикадағы зағип жандарға және көзі нашар көретіндерге арналған кітапханасы ТҮРІКСОЙ елдерінің ұлттық кітаптары фестивалін ұйымдастырды.
Еске сала кетейік, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов ТҮРКІСОЙ-ға сапары барысында 2012 жылғы мамырда Татарстан астанасы Қазанды 2014 жылы түрік әлемінің мәдени астанасы деп жариялауды ұсынған. Бұл шешімді 2012 жылғы қыркүйекте Уфада өткен ТҮРКІСОЙ тұрақты кеңесінің 30-шы отырысында мәдениет министрлері қолдаған болатын.
Жыл басында Қостанай облыстық зағип жандарға және көзін ашар көретіндерге арналған кітапхана осы шараға шақырту алған еді. Және де Қостанай өңірі жайында зағиптерге арналған Брайл әліппесінде жазылған кітап та жіберілді. Осы мамыр айында кітапхана ұжымы Әзірбайжан, Башкирия, Дағыстан өзге де елдердің кітапханаларымен бірге онлайн режимінде өткен халықаралық кітапаханааралық Интернет-акцияға қатысты.
Кітапхана қызметкерлері егінді өлке Тобыл өңірін таныстырып, өздері жайында да әңгімеледі. Жетістіктері, тәжірибелері жайында пікір алмасты. Келешекте бұл байланыс жалғасын таба бермек.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА