Әрбір үйге қауіпсіз азық-түлік

Міне, осындай атаумен Қостанай ќаласы бойынша тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының мамандары қаламыздағы орталық базарда және "Дастархан", "Береке", "ОРТ" базарларында тексеріс шараларын жүргізуде. Біз осы орайда, аталмыш басқарманың жетекші маманы Анар Сүлейменовамен тілдесіп, өткізіліп жатқан тексеру жұмыстары жайлы білген едік.
анар
Анар Қайырқызы, осы шара барысында қандай кемшіліктер анықталды?
–  Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастау алған бұл шара барлық жаз айларында жалғасатын болады. Мақсат – осы жаз мезгілдерінде көп сұранысқа ие жеміс-жидек пен көкөністердің сапасын тексеріп, адам денсаулығына қауіпсіз екендігін анықтау. Өйткені, мамыр айы басталысымен базарлардағы сауда сөрелерін мерзімінен бұрын піскен жемістер мен көкөністер жаулап алады. Ал, ондай өнімдерде нитраттың шамадан тыс болатындығы да жасырын емес. Сондықтан, ерте піскен көкөністерді пайдаланғанда аса сақ болған жөн. Айлық барысында көкөніс пен жемістен 457 сынама зерттелді. Нәтижесінде, 67 сынамада нитраттың артқаны анықталды. Мәселен, киви (аргентина, италия, түркия), қызыл жүзім (эквадор, чили, аргентина, перу), алмұрт (голландия), тәтті қызыл бұрыш (қытай), апельсин (египет), авокадо (испания), манго (америка), помидор (ташкент, қытай), инжір (ОҚО), абрикос (түркия, ташкент, шымкент) сияқты жеміс-жидектерден ауытқушылық анықталды.
  Қазір көше бойлары мен базарларда қарбыз-қауынның саудасы қызып түр. Сатушылар да жұртты ерте піскен өнімнің қауіпсіз екендігіне сендіргенмен, оның сапасына күдікпен қараушылар да жоқ емес.
–  Иә, дұрыс айтасыз. Қазір қарбыз-қауын сатушылар көбейді. Ал, оның адам ағзасына қаншалықты қауіпсіз екендігін біз де қазір дөп басып айта алмаймыз. Жақында біздің мамандар кезекті жоспар бойынша қаламыздағы ОРТ базарында болып, қарбызды тасы малдаушылар мен сатушыларды тексерді. Мұндағы сатылып жатқан қарбыз-қауындардың дені Шымкенттен әкелініп жатыр екен. Сынамаға бес қарбызды алып тексердік, біреуінен ғана нитраттың мөлшері шамадан тыс асқаны анықталды. Бұл қорытындыны біз бір партиядан ғана көріп отырмыз. Ал, қалаға маусым айының ішінде Шымкенттен басқа жерлерден де тонналап жеміс-жидектер әкелінуде. Өкінішке қарай, біз қалада сатылып жатқан барлық жеміс-жидектердің сапасы мен қауіпсіздігіне жауап бере алмаймыз. Осы шілде айында тағы да бірқатар сауда нүктелеріне тексеріс жүргізетін боламыз. Дегенмен, әр тұтынушы ерте піскен жемістердің, әсіресе қарбыздың көп мөлшерде дәріленетіндігін ескергені жөн. Оның шамадан тыс үлкейіп кетуі немесе түсінің ақшыл болуы – соның дәлелі. Ал, қарбыздың нағыз пісер шағы тамыз айы ғой. Сол себепті алдамшы тіл үйірер дәмі мен дәрінің арқасында үлкейтілген көлеміне қарап қауіпті қарбыздан уланып қалмаудың алдын алу қажет. Сатушылардан тауарының қауіпсіз екендігін дәлелдейтін құжатты талап етіп, болмаса белгіленбеген сауда орындарынан тағам алудан бас тартуымыз керек.
– Нитраттың зияны мен одан уланудың алдын алу шаралары да туралы айта кетсеңіз…
– Жалпы, артық нитраттар бауыр, бүйрек ауруына, иммунитеттің төмендеуіне әкеп соқтырады. Көбіне балалар ЖРВИ-мен, созылмалы суық тию және пневмониямен ауырады. Адам ағзасына нитраттар көп түссе метгемоглобинемияға, асқазанның қатерлі ісігіне шалдығады, жүйке және жүрек-қан тамыры жүйелеріне, эмбриондардың дамуына теріс әсерін тигізеді. Метгемоглобинемия – бұл оттегілік ашығу (гипоксия), оттегін көтере алмайтын қан гемоглобині метгемоглобинге әкеп соғады. Ол қанға нитраттардың түсуі кезінде жиналады. Қанда метгемоглобиннің құрамы 15 пайыз шамасында болса, адамда енжарлық пайда болады, ал 50 пайыздан асып кетсе, өлімге әкеп соқтыруы да әбден мүмкін.
Нитратпен уланудың алдын алу шараларына тоқталсақ, термиялық өңдеуді (қуыру, қайнату, бұқтыру) қолданғанда нитраттардың 85 пайызы бейтараптанады. Өндірген уақытта нитраттарды көп қолданатын консервіленген өнімдерден сақтану керек. Жеміс-жидектерді және көкөністерді сумен әбден жуу керек. Сондай-ақ, шірік түскен жемістер мен көкөністерді пайдаланбаған дұрыс, себебі жарамсыз заттардың бәрі қабықта жиналады.
Әр адам өз денсаулығын, тамақтану гигиенасын есінен шығармай, осы ұсыныстарды орындаса, ешқандай қауіп жоқ. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік, ағайын!
 
Қарлығаш ОСПАНОВА
СУРЕТТЕ: Анар СҮЛЕЙМЕНОВА.

 

 

You may also like...

1 Response

  1. Arman айтты:

    Санитарлық мамандар бұрынғыдай қайта-қайта тексеріс жүргізсе, мерзімі өткен тауарлар мен жеміс-жидектерді сатуға жол берілмес еді. Қазір мараторий деген жақсы болды, соның кесірінен жоспарсыз тексеруге де тыйым салынды. Тамақ жағын ұнемі қадағалап, тексеріп тұрған жақсы…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓