Ыбырай ата ізімен
Ы. Алтынсарин мұражайында жастардың басын қосқан дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Ыбырай атамыздың "Бір құдайға сиынып, кел, балалар, оқылық" деп басталатын Қырғыз хрестоматиясы негіз болды.
Ы.Алтынсарин – балалар әдебиетінің атасы. Бүкіл өмірін қазақ балаларын оқытуға арнаған. Сол мақсатпен алғаш рет балаларға арнап мектеп ашып, оқулық жазған. Ағартушы оқулықты жазудағы мақсатын хрестоматияның алғы сөзінде: "Бұл кітапты құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын көздедім…" деп тұжырымдаған. Хрестоматияға автор өзінің педагогтық мақсатына лайықтап жазған тәрбиелік мәні жоғары әңгімелер желісі өте қызықты және қысқа болып келеді. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, мақал-мәтел қолдану, әр әңгіменің тәлім-тәрбиелік мәніне ерекше көңіл бөлу – Ыбырай шығармаларының ерекшелігі.
– Бүгінгі шараның жастарға берері мол. Дөңгелек үстелге Қостанай педагогикалық институтының психология-педагогика факультеті мен Қостанай гуманитарлық колледжінің студенттері, №9 орта мектебінің оқушылары қатысып, ұлы ағартушы жайында тың ақпараттар алды. Ы. Алтынсарин мектеп-интернатының 6 "а" сынып оқушылары ағартушының әңгімесінен көрініс көрсетті. Болашақ ұстаздар өз ойларын ортаға салды. Әсіресе, Айгүл Егентай, Гүлнұр Мейрахметова, Алима Тас, Арайлым Сүттібаева, сондай-ақ, Аида Смағұл мен Әйгерім Төлепова ерекше белсенділік танытты. Ыбырай атамыздың әр шығармасынан өнеге, тәлім ала білген жастардың талпынысы сүйсіндіреді, – дейді кешті ұйымдастырушы Назгүл Шектібаева.
Болашақта ұстаз боламын деген жастарға Ыбырай атамыздың әр сөзі өнеге болары сөзсіз.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА
Суретте: кештен көрініс.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.